Мемлекет баспана алуға көмектеседі

Главные вкладки

авг 14, 2019 / 0 комментарии

Қаскелеңдіктер де "Бақытты отбасы" бағдарламасы аясында баспаналы болу жолдарын қарастыруда, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

Мысалы, Зульфия Омарова Қаскелең қаласындағы орта мектептің бірінде мұғалім болып жұмыс істейді. Қазіргі кезде ол «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында жер үй алуды жоспарлап отыр.
- Мен он жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрмын. Менің жалақыммен баспана сатып алу өте қиын, коммерциялық банктерге барайын десем, табысым аз. Сондықтан мемлекеттің көмегіне жүгінуге тура келді. Міне, бағым жанып, «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатыстым. Өйткені бұл бағдарлама табысы төмен отбасыларды қолдауға арналған, - дейді қуанышымен бөліскен Зульфия Омарова.
Біраз уақыт бұрын күйеуі қайтыс болған Зульфия жалғыз өзі үш баланы, яғни, қызы Кәмшат пен ұлдары Құрманғазы мен Нұрғазыны тәрбиелеуде. Қазір олардың біреуі студент. Отбасындағы жағдайға байланысты ол оқуымен қоса, жұмыс істеп, анасына аз да болса көмек көрсетуде. Осы табыстың арқасында Омаровтар отбасы пәтер жалдап тұрып жатыр.
- Жалдамалы үйге ай сайын 90 мыңға жуық теңгеден төлеуге мәжбүрміз. Мен бөлмелері кең, өз ауласы бар жер үйде тұруды армандаймын. Сондықтан «Бақытты отбасы» бағдарламасы басталысымен, бірден әкімдіктен жолдама алып, Халыққа қызмет көрсету орталығынан қажетті анықтамаларды жинадым да, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне несие алу үшін өтінім бердім, - дейді ол.
Зульфия әрқашан болашаққа үмітпен қарайтын адам. Дегенмен, қиын сәттерде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне барып, өз депозитін жапқысы келген кездер де болған. Бірақ банк менеджерінің берген кеңесі бойынша ол депозитін жабудан бас тартып, бүгінде болашақ үйінің бастапқы жарнасына қажетті 10%-ды, яғни, 1 млн теңгені жинайды. Бұл - «Бақытты отбасы» бағдарламасының міндетті шарттарының бірі. Ал несиені ол жылдық 2% мөлшерлемемен алатын болады.
Қазіргі таңда Зульфиямен бірге тағы 600-ден астам қазақстандық отбасы болашақ баспаналарын іздестіру үстінде. Олардың барлығының несиелік өтінімдері бойынша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде оң шешім шыққан. Бүгінде аталған аймақ бойынша барлығы 2000-нан астам несие өтінімі қабылданды.