Мемлекет басшысы әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін реттейтін құжат қабылдады

Главные вкладки

Feb 11, 2022 / 0 комментарии

Әкімдердің халықпен тұрақты кездесулерін өткізу туралы құжат ашық НҚА порталында жарияланды. Яғни, бұл құжатта әкімдердің отырыстарға қалай дайындалуы, шараны қашан жариялауы және қанша уақыт сөз сөйлеуі керек, соның барлығы жарлықта қамтылған. Жарлықта лауазымды тұлғалар мен азаматтардың өзара іс-қимыл тетігі де айтылған. Тағы айта кететін жайт, әкімдердің отырысына дейін жергілікті тұрғындарды мазалайтын мәселелерді жинақтайтын комиссияның құрылуы керектігі шегелеп айтылған.

 

Халық тарпынан туындаған сұрақтар электронды және дәстүрлі байланыс арналары арқылы қабылданатын болады және барлық байланыс арналары әкімдердің жеке кабинеттерін қосу арқылы жүзеге асады. Яғни, халық пен билік арасында проблемаларды талқылайтын алаң құрылады. Билік басындағылар кездесуді хабарлау үшін бейне және билбордтарды пайдалана алады, бірақ тек бюджет есебінен болуы шарт.

 

Облыс әкімдері жиналыс өтетіні туралы азаматтарды бір ай бұрын, ал аудан, облыстық және аудандық маңызы бар қала әкімдері екі апта бұрын, кент, ауылдық округ әкімдері бір апта бұрын хабарлау керек. 

 

Жарлықта әкімдердің есеп беру мәселесіне де жіті назар аударылған. Енді өңір басшылары тоқсан сайын, айдың 25-іне дейін ресми интернет-ресурстар мен «электрондық үкіметтің» веб-порталында тұрғындар тарапынан көтерілген түйткілді мәселелердің шешілуі туралы ақпаратты жариялауы тиіс.

 

Құжатта кездесулер саны да реттелген. Аймақ басшысы әрбір аудан мен облыстық маңызы бар қалаларды жарты жылда бір реттен кем емес аралап тұруы тиіс. Республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері тоқсан сайын барлық аудан тұрғындарымен, ал аудан басшылары әр бағыныстағы ауыл, кент, ауылдық округ, аудандық маңыздағы қалаға тоқсанына бір рет баруы керек.Тұрғындардың өтініші немесе талаптары бойынша кездесулер кестеден тыс өткізілетін болады.