Ондаған қазақстандық азамат қаржылық пирамиданың құрбаны болды
Главные вкладки
Ақтөбе облысында қаржылық (инвестициялық) пирамида құру және басқару бойынша қылмыстық іс тергелуде. Бұл туралы облыстық полиция департаменті мәлімдеді деп хабарлайды Kaskelen.kz.
Тергеу мәліметтері бойынша, Қандыағаш қаласының тұрғыны 2020 жылдың қазан айында қаржылық пирамида құрып, оны "Қыс" деп атаған. Әйел ұйымды басқарып, азаматтардан пайда табу бойынша жұмыстар жүргізді.
Нәтижесінде адамдарға аса ірі көлемде 25 миллион теңгеден астам шығын келтірілді. Қазір 75-ке жуық адам қылмыстық іс бойынша жәбірленуші болып отыр. Факт Мұғалжар ауданының полиция бөлімінде қылмыстық кодексінің 217-бабы 3-бөлігі, 2-тармағына сәйкес "Қаржы (инвестициялық) пирамидасын құру және басқару" бойынша тіркелген.
"Қыс" деген ерекше атауға ие ұйымнан зардап шеккен кез келген адам тұрғылықты жері бойынша полиция бөліміне немесе Қандыағаш қаласы, Жабаев көшесі, 74 "А" мекенжайы бойынша, сондай-ақ келесі телефон нөмірі арқылы хабарласуына болады: +7 700 093 00 23.
Облыстық полиция департаментінде сотқа дейінгі тергеудің мерзімдері шектеулі екені атап өтілді. Өтініштерді 2021 жылдың 2 тамызына дейін жіберген жөн.
Бұған дейін елімізде тағы бір қаржы пирамидасының қызметі тоқтатылғанын жазған едік. Қаржы мониторингі агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаменті "LV Force" қаржы пирамидасының заңсыз қызметінің жолын кескен.
Қаржы пирамидасына 2 мыңнан астам адам тартылған. 450 млн теңге шығын келген.