Түркістан облысындағы көмір тапшылығынан көкөніс қымбаттауы мүмкін

Главные вкладки

ноя 15, 2021 / 0 комментарии

Түркістан облысындағы диқандар тақырға отырудың алдында тұрмыз деп шулады. Жылыжайда көкөніс өсіретіндердің бұлай деуіне өңірдегі көмір тапшылығы себеп.

Суық түскенде қажет температураны ұстап тұруы тиіс шаруалар тәулігіне тонналап көмір жағуы керек. Көпшілігінде бірер күнге жететін ғана отын қалған. Көмір таусылса, шаруалар банкротқа ұшырап, бұл көкөніс бағасына да әсер етуі мүмкін. Түркістан облысында көкөністі жылыжайда өсіретін мыңдаған диқан бар. Көпшілігі көмірге тәуелді. Бірнеше мың гектар жылыжайда қияр мен қызанақ өсіріп жатқандар қыстық отын тапшылығынан өніміміз үсіп кететін болды деп үрейленіп отыр.

Атабек Әмірсаидов, диқан:

— Біздің мәселеміз қиын болып жатыр. Бәрі көмірге тақалып тұр. Көмір болмаса, біз кішкентай Тұрбат ауылының өзінде сондай проблема болып жатыр. 100 гектар жылыжай бар. Сарыағашта мың жарым гектар ол жақта да көмір жоқ. Шымкентте 500 гектар, олардың бәрінде көмір жоқ. Түркістан облысына көмір келіп жатқан жоқ. Көмір болмаса, өнім құриды. Банкроттыққа ұшыраймыз. Диқандар көп жылыжайларда екі-үш күнге ғана жететін көмір қоры қалғанын айтады. Көпшілігі алыс-жақыннан отын іздеп сабылып кетіпті. Егер көмір жеткізе алмасақ, шаш етектен шығынға батып, көкөніс қымбаттайды дейді.

Құрбанқожа Тұрсынов, диқан:

— Қазір, мысалы, қызанақ 500 теңге, ол енді мың теңге, мың жарым теңге болады. Тек қана бізде емес, бәрі шығында отыр. Бір жылды есептесек, екі рет астық егеміз, соның ішінде 50-60 мың тонна жағып қояды, 100 гектар жылыжай. Ол деген мың вагон. Бізге қазір төрт-бес вагон келіп жатыр. Өйткені күн сәл жылы болғаны үшін жетіп тұр.

Жылына екі мәрте өнім алатын жылыжайда қазір өнім пісіп тұр. Бірақ диқандар ауа райы күрт суытса, бәрі үсіп кетеді деп қорқады. Мәселен, мына жылыжайда тек қызанақ өсіріледі. Қызанақтың көшеті егіліп, мына жағдайға жеткенге дейін диқандар бес ай еңбек етеді. Жылыжайдың ішіндегі температура кем дегенде 15 градустан кем болмауы тиіс.

Яғни күн суытқанда екі сағат көмір жағылмай қалса, бірнеше айдың еңбегі мен мыңдаған тонна өнім құрдымға кетеді. Себебі, 10 градустан төмендесе қызанақ өспейді және қызармайды, ал нөлден төмен болса азғана уақытта мал азығына ғана жарамды болады. 100 гектардан астам жылыжайы бар Тұрбат ауылының кіреберісінде көмір сақтайтын қойма бар. Бірақ жұрт мұнда былтырғы көмірдің қорына таласып жатқанын айтады. Қатты отынға тапшылық деген соң облыстың түкпір-түкпірінен осында келіп жатыр дейді.

Әділқазы Мәуленқұлов, Қазығұрт ауылының тұрғыны:

— Жан-жақтан кеп жатыр ғой, осы жердің көмірі дұрыс, арзан деп, осы жерден. Темірлан, Арыстан да келді жаңа машина. Бұл жерде 17 жарым мыңнан ғой тоннасы. Басқа жақтағылар әкеп қымбат сатып жатыр, көшеде тұр КамАЗ.

Облыстық энергетика басқармасы тапшылық түгілі, келіп жатқан көмірден бас тартып жатырмыз дейді. Ал жылыжайларға көмір жетпесе, ол диқандардың өзі мен жергілікті әкімдіктердің кінәсі дейді. Яғни шаруаның мұңын аудандық шенеуніктер білмейді,. Сәйкесінше облысқа диқхандардың жанайқайы жетпеген деп отыр.

Марат Байқонысов, Түркістан облысы энергетика және тұрғын үй коммуналдық-шаруашылық басқармасының бөлім басшысы:

— Оған өздері аудан қала әкімдіктеріне өтініш берсе, аудан, қала әкімдіктері жинақтап, ары қарай қосымша қажет болса тасымалдау жүргізіледі. КТЖ-ның ақпаратына сәйкес біздің облыс көлеміне көмірдің кіру деңгейі 110 пайыз болған.

Облыстық атқамінерлердің сөзіне сенсек, диқандардың көмір тапшы деп дүрлігуіне негіз жоқ. Бүгіннен қалдырмай аудандық әкімдікке сұраным жазсын деп отыр.