Төтеншеліктер тұрғындарды тәртіпке шақырды

Главные вкладки

Май 10, 2019 / 0 комментарии

Аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері табиғат аясында демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді, деп хабарлайды Kaskelenkz.

Жаз айлары келіп, күн жылынып, жер беті жасыл шөпке орана салысымен тұрғындар таза ауамен тыныстап, демалып қайту үшін табиғат аясына асығады. Дегенмен, қай жерлерде болса да қауіпсіздік шараларын сақтаудың маңызы зор. Себебі, кез келген кішкентай салғырттықтың өзі адам өміріне және қоршаған ортаға үлкен қауіп төндіретіні анық.

Осыған орай, қарасайлық төтеншеліктер "Іле алатау" Ұлттық табиғи паркі қызметкерлерімен бірлесіп, жұртшылық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Олар "Известковый" аталатын Қаскелең қаласының жоғарғы жағындағы, тау бөктеріндегі демалыс орындарына барып, тұрғындармен сұхбаттасты. 

Демалушыларға табиғат аясында тынығудың тәртібін түсіндіріп, өрт шығу жағдайларының алдын алу қажеттігін, қоршаған ортаны ластамай, керісінше қорғау әрбір азаматтың борышы екенін әңгімеледі. 

Бұл күні шараны ұйымдастырушылар орта есеппен 65 адамды қамтып, барлығы 42 жадынама, 52 ескертпе қағаздарын таратты.