Қаскелеңге 200 алма ағашы отырғызылды
Главные вкладки
Болашақта Қаскелең қаласы да «Алма-қалаға» айналуы мүмкін.
Аудан орталығына кіре берсітегі Наурызбай батыр ескерткішінің маңына құрамында қоғам қайраткерлері мен бизнесмендер бар бастамашыл топ және қаскелеңдік кәсіпкерлер бірлесе алма ағашын отырғызды.
Жалпы, бұған дейін Қарасай ауданының 90 жылдық мерейтойына орай, Қаскелең қаласындағы «Жер-Ана ЛТД» ЖШС ұтымды ұсыныс тастап, жергілікті жұртшылықты ізгі шараға үлес қосуға шақырғанын айтқан болатынбыз. 3 мамырда толассыз жауған жауынға қарамастан, белсенділер ойластырған істі жүзеге асырып, ашық алаңда бас қосты. Осы орайда, бастамаға Қарасай аудандық және Қаскелең қалалық әкімдігі қолдау білдіргенін айта кеткен жөн.
Негізі, Алматы қаласында бірнеше жылдан бері «Алма-қала» акциясы аясында үнемі осындай игі шаралар өтеді. Атап айтқанда, құрамында жазушылар, саясаткерлер, бизнесмендер, және тағы басқа қала белсенділері бар бастамашыл топ жергілікті атқарушы органдар қарастырып-бөліп берген арнайы жер телімдеріне, жаңа тұрғын-үй массивтері мен әлеуметтік нысандардың айналасына алма ағаштарын отырғызады. Ал, осы ұтымды ұсынысты фейсбук желісі арқылы жұртшылыққа ұсынған бизнесмен, қоғам қайраткері Ерлан Стамбеков игі бастаманы қолдаушылардың қатары артып келе жатқанына қуанышты.
Ауа райының қолайсыздығын елеместен еңбекке ұмтылған белсенділер осылай айналасы екі сағаттың ішінде 200 көшет отырғызып үлгерді. Алдағы уақытта олардың күтімсіз қалып, жойылып кетпеуін Қаскелең қаласының әкімі өз назарында ұстайтынын болады. Сонымен қатар, осындай акциялар жалғасын тапса, алма бағының ауқымы да үлкейе бермек.
Алға қойылған мақсат өз мәресіне жеткен соң, жиналғандар далада дайындалған палаудан дәм татып, болашақта осы бақта алма теру науқанында бас қосуға ниет білдірісіп тарқатты.