Қаскелеңде енді пантотерапия бар
Главные вкладки
Енді қарасайлықтар алыс сапарға шықпай, қаржысын үнемдей отырып, табиғи панто емін ала алады, деп хабарлайды kaskelenkz тілшісі.
Жалпы, Қаскелең қаласында жиырма шақты ақылы медициналық қызмет көрсететін мекеме бар. Солардың қатарын толықтыра түскен «Qarasaı» емханасының басты ерекшелігі – табиғи панто өнімдерін пайдалану арқылы көптеген аурулардың алдын алу және емдеу.
Айта кетсек, Пантокрин – марал, Шығыс Сібір бұғысы мен теңбіл бұғының қатаймаған мүйізінен дайындалатын спирт қосылған сұйықтық. Пантокрин ашық сары түсті, мөлдір, рН 5,4 – 5,8 болады. Өндірісте пантокриннің 1 – 2 мл-лік егуге арналған ампуладағы ерітіндісі, қатты түрдегі таблеткасы өндіріледі. Оны медицинада невроз, неврастения, белсіздік, шаршау, жұқпалы аурулардан кейін әлсіздік пайда болғанда қолданады.
Мекеме негізін қалаушы Гүлбаршын Жиембаева осылай ауданымыздың денсаулық сақтау саласына өзіндік үлесін қосуды мақсат тұтқан. Мұнда таза панта сонау Шығыс Қазақстандағы Катонқарағай аймағынан арнайы тоңазытқышқа салынып, ешбір қасиеті мен құндылығын жоғалтпай жеткізіледі. Панта қолданылатын сауықтыру ем-шарасын алудың өзіндік ережелері де бар, дейді дәрігерлер. Алдымен келуші терапевттің қабылдауында болып, тиісті талдамалар жасалады. Сосын релакс бөлмесінде дайындалып, арнайы шөптерден әзірленген шай ішеді. Мұнан кейін, ем жүргізілетін бөлмеге барып, сабынсыз суға шайынады. Бірінші инфра-қызыл саунаға 10-15 минут отырған соң, балқарағайдан жасалған фито-бөшкеге жайғасады. Кейіннен барып, панта қосылған ванна қабылдайды.
Сондай-ақ, емхананың емдеу ісі бойынша меңгерушісі Гүлмира Чакчабаеваның айтуынша, мұнда көптеген жоғары санатты дәрігерлер қабылдау жүргізеді. Ал, оларға тұрғындар www.panta.kz порталы арқылы онлайн түрде жазыла алады.
Бұдан бөлек, осында ультрадыбыстық зерттеу қондырғы, зертхана бар. Бастысы – мұндағы дәріхана мен процедура бөлімшесі аптасына 7 күн 24 сағат қызмет көрсетеді. Яғни, бұл сырқаттанған адамдардың жұмыстан тыс уақытта дәрігер жазып берген екпелерін алуына таптырмас мүмкіндік.
Мекеменің ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Айжан Назарбаева мен ауданның бас дәрігері Ербол Сәрсенбаев қатысып, ұжымға сәттілік тіледі. Емханаға бірінші күннен бастап келушілердің қатары қалың. Болашақта емдеу орны медициналық сақтандыру жүйесі бойынша тұрғындарға сапалы қызмет көрсетуді мақсат етіп отыр.