"Әлі күнге өкінемін": Жолан Омаров туралы естелік айтқан танымал тұлғалар елді жылатты
Главные вкладки
Былтыр 27 шілдеде Талғар ауданының әкімі Жолан Омаров пневмониядан қайтыс болған еді. Оның мезгілсіз қазасына Алматы облысында өзі басқарған екі ауданның тұрғындары әлі күнге сенбейді. Жолан Омаровтың дүниеден өткеніне бір жыл толуына орай марқұм жайлы ел аузындағы естеліктерді "Уақыт көрсетеді" арнасына сілтеме жасап, KAZ.NUR.KZ тілшісі баяндайды.
Жолан Омаров - 41 жасына дейін Алматы облысында бірқатар басшылық қызмет атқарып, елдің алғысына бөленіп үлгерген азамат. Оның Райымбек, Нарынқол, Талғар ауданында әкім болған кезі туралы елі тек жақсы жағынан еске алады.
Ол 1979 жылы 7 шілдеде дүниеге келген. Марқұмның артында ата-анасы, жары мен 4 баласы қалды. Уақыт көрсетеді бағдарламасына сұхбат берген Жолан Омаровтың жақындары естеліктерін бөлісіп, елді жылатты.
Жолан Омаровтың әкесі Ыбырайахын Омарұлы төрт баласының ішінде Жоланның ерекше бала болғанын атап өтті.
"Өліміне сенбейміз, жап-жас, 40-қа жаңа келген жігіт еді. Елге жұмыс істесем, біреуге жақсылық жасасам деп тұратын балам. Талантты болатын. Бір жұмысты аяқтамай қоймайтын. Ана жақта отырып, маған "Әке, қалыңыз қалай, шаруашылығыңыз қалай, бәрі дұрыс па?",- деп телефонмен хабарласып тұратын. Сондай алғыр еді балам. Артында қарайып қалған қиын екен, кешке дейін ойлайсың. Ойыңнан кетпейді. Енді төрт баласы, жары аман болса болды. Біздің жолымыз еді ғой, Жолан кетпей, біз кетіп қалсақ арман жоқ еді ғой...", - деп көз жасына ерік берді ақсақал. Жолан Омаровтың анасына да құрсағынан шыққан баласы туралы естелік айту ауыр тиді.
"Жоланым еңбекқор, көпшіл, мінезі салмақты, кісі көңілін қалдырмайтын. Біреу келсе, "оның не жағдайы бар екен, соған көмектессем" деп өскен. Сөйтіп маңдайымызға сыймай кетті... Арманы көп еді, үйге келсе екеуміз түнгі сағат 3-4-ке дейін әңгімелесіп отыратынбыз", - дейді өткен күндердің келмеске кеткенін мойындаған ана.
Ал Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Жолан Омаровтың өміріне араша түсе алмағанына әлі күнге өкініп жүргенін жеткізді.
"Мен оны Нарынқолдан мына жаққа алып кетемін дегенде ауылдың қарттары маған: "Жоланға тимеші, осы жерде істесін" деп жалынды. Ауыл ақсақалдарына Жоланның істің басын бастап, жолын көрсетті, жасап берді, оның масштабы үлкен екенін түсіндірдім. Маған Жоландай көмекші керек болды. Енді көрдіңіз бе, қазақ айтады ғой, көз тиді ме, мықты жігіт еді... Одан да жасы бірталайға келген адамдар аурудан аман қалып жатыр ғой. Жолан ауырғанда күнде хабарласып тұрдым. Дәрігерлерге айтып қойдым. Ол жерге пост жасадым. Бас дәрігер арнайы барып қарап тұрды. Мен қазір әлі күнге өкінемін, облыстағы ауруханаға апару керек еді...
Айтыскер ақын Ринат Заитовтың да Жолан Омаров туралы өз айтары бар.
"Кез келген қазақтың жігіті, қазақ азаматы еркін, азат қозғалатын, қызмет ете алатын және қолында бар мүмкіншілікті елдің игілігіне пайдалануға болатынын дәлелдеген азамат. Сол тарапынанан Жоланды қимастар қатары екі есе көбейеді. Өзінің әкімдік жасаған, қызмет жасаған аудандарында адамдар әлі күнге қимай қарайды. "Әттең, ерте кетіп қалды, әттең осындай жігіт енді бізге бола ма екен?" деп. Мемлекеттік қызметте жүріп, сондай үлкен қызметте жүріп, өзі дүниеден өткеннен кейін артында бірауыз жаман сөз естілмейтін азаматты осы уақытқа дейін кездестірген жоқпын. Сол тарапынан алғанда Жоланның қазасы тек бір әулеттің қазасы емес, бір ауылдың, бір рудың, оның айналасындағы адамдардың қайғысы емес, бұл күллі қазақтың жоғалтқан асылы болды", - деп еске алды замандасы жайлы ақын.
Ал Жолан Омаровтың замандасы ақын, журналист Жанарбек Әшімжан оның азаматтық, тұлғалық қасиетіне ерекше тоқталды.
"Тәуелсіздік дәуірінде қалыптасқан тұлға деп Жоланды айтуға болады. Жолан тек бір ғана бағытта емес, қоғамдық өмірде спорт болсын, әлеуметтік салада болсын, мәдениет-руханият саласында болсын, барлық тарапта өзінің азаматтық-тұлғалық болмысын анық-қанық көрсеткен жігіт. Мен бұрынғы істеген қызметтері жайында айтпайын, мен енді жақын ағасы ретінде сырласы ретінде, өмірдегі көрген-түйгенімен бірігіп-бірлесіп түрлі жоспарларды ақылдасқан азамат ретінде және батыр ретінде айтар болсам... Атқа отырса ат жарасатын, таққа отырса тақ жарасатын азаматтар болады, соның бірі Жолан. Жоланның ел басқару жүйесіндегі, әсіресе қызметке жастай араласқан жастардың бойынан табыла бермейтін қасиет соның бойынан табылды. Бюрократтықтан ада, қызметтің буына мастанбаған, байлыққа мастанбаған ханмен де, қарамен де, баймен де, данамен де тең сөйлесетін тұлға ретінде қалыптасқан. Жоланның жаратқан сәйгүліктері біздің Қазақстанның, шетелдің қандай ірі жарыстарында, аламандарда, топ бәйгелерде бірінші келсе, өзі де өмірде екі жастың біріне келмей, айналып болмас аядай ғана жасында бәйгеден келген азамат. Өзі де қазанат", - деген естелік айтты.
Жолан Омаровтың қызметіне халықтан артық ешкім баға бере алмайтыны анық. Нарынқол ауданының тұрғыны Талғат Есентаев аудан әкімдігіне келген Омаровтың азаматтығын бірден танып, оның іскерлігіне риза болған.
"Бірінші бұрынғы Райымбек ауданына әкім болып келді. Келген күннен бастап барлық ауылды аралап шықты. Ең бірінші жиналысында мен бүкіл ауылдың, халықтың жағдайын ашық түрде айттым. Мені ақырына шейін тыңдады. Мен айтқан ескертпелердің бәріне талдау жасап, не қолдан келетінін, не келмейтінін қалай істеу керегін жиналыстың соңында түсіндіріп берді. Мен соншалықты риза болдым. Біздің ауылға да сондай адал, халықты ойлайтын азаматтың келгеніне өте қуандым. Жолан бұрынғы Нарынқол ауданының бөлінуіне ықпал жасады", - дейді ол өз сөзінде.
Айта кетейік, Жолан Омаров Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университетін тәмамдады. Еңбек жолын Алматы облысы Ұзынағаш ауылында "КИРЗАВОД-1" ЖШС атқарушы директоры болып бастады. Әртүрлі жылдары Алматы облыстық жер қатынастары басқармасында, Алматы облыстық туризм басқармасында жұмыс істеді. Алматы облысының жер қатынастары басқармасын басқарды. 2017-2019 жылдар аралығында Алматы облысы Райымбек ауданының әкімі болды. 2019 жылдың қыркүйегінен Талғар ауданының әкімі қызметін атқарды.