Дәрігерлер 1 айлық сәбиді коронавирустан емдеп шығарды

Primary tabs

May 04, 2020 / 0 comments

3 мамыр күні Алматы облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 14 адам ауруханадан шығарылды. Емделіп шыққан 14 адамның 9-ы бір отбасының мүшелері. Отбасында вирус жұқтырғандардың қатарында 2017 ж, 2014 ж. 2012 ж туған балалармен қатар, 2020 жылдың 26 наурыз күні  дүниеге келген  1 айлық сәби де бар, - деп хабарлайды Kaskelenkz облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухананың директоры Жамила Абеуова коронавирус диагнозымен түскен ең кішкентай пациентті дәрігерлер ерекше бақылауға алғанын айтты.

- Бала ауруханаға түскен кезде туғанына 18 күн ғана болған. Сондықтан ерекше бақылауға алып, күнделікті емдеу тәсілін дәрігерлермен талқылап отырдық. Балада ем қабылдау кезінде ешқандай қиындық туған жоқ. Бала анасының жанында болды. Ауруханадағы 20 күн ішінде 1 келі салмақ қосты. Қазір жағдайы жақсы, - дейді бас дәрігер.   

Сонымен қатар Еңбекшіқазақ ауданында 16 сәуір күні тіркелген 2 адамның бірі 73 жастағы қария болса, бірі 1992 жылы туған Есік қаласының тұрғыны. Дәрігерлер қария коронавирус инфекциясынан толық емделіп шыққанын айтады.

Ал Қаскелең қалалық инфекциялық ауруханасында 17 сәуірден бастап ем қабылдаған Қарасай ауданының 1971, 1967, 1985 жылы туған тұрғындары  да толықтай жазылып шықты.  

Аталған екі ауданның емделушілеріне 1 мамыр күні жүргізілген қайта талдау қорытындылары теріс нәтиже көрсетті.

Атап өтсек, Еңбекшіқазақ ауданында жазылып шыққандардың барлығы Рахат ауылдық округіне қарасты «Көксай», «Береке», «Алтын Алма», «Алтын Адам» саяжайларының тұрғындары. Аталған саяжайларда аурудың жаңа жағдайы тіркелмегендіктен, олардағы карантин алынып тасталды. 

COVID-19 инфекциясының таралуы бойынша эпидемологиялық жағдайдың өзгеруіне байланысты карантин шараларының режимі мен мерзімі өзгеруі мүмкін. Бірақ жалпы карантин талаптары сақталады.