"Қауіпсіз жол" жедел алдын алу іс-шарасы жүргізілуде

Primary tabs

Apr 04, 2019 / 0 comments

Жолдардың бойындағы көлік апаттарының көбейіп кетуіне, сонымен қатар, олардың ішінде ауыр зардаптардың ұлғаюына байланысты, бұдан бөлек жүргізушілер арасында жол жүру тәртібін пысықтау мақсатында Алматы облысында «Қауіпсіз жол» акциясы өткізілуде, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

 2-15 сәуір аралығында өтетін жедел алдын алу іс-шарасының нәтижелі болуына қарасайлық тәртіп сақшылары мықтап кіріскен. Талай жанның өмірін жалмаған жол апаттарын болдырмау мақсатында жүргізілетін түсіндіру-кездесу жұмыстарын полицейлер аудандағы кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша инспекторлармен бірлесе мектеп қабырғаларынан бастаған. Өйткені, мемлекетіміздің басты байлығы – адам, ал, балалар – ел болашағы.

Өз кезегінде әкімшілік полиция бөлімінің бастығы, полиция майоры Ерлан Қалдыбайұлы кейбір статистикалық деректерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, жыл басынан бері аудан аумағында 74 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 17 адам қаза тапқан. 96 адам жарақаттанған, олардың ішінде балалар да бар.

 Қаз қатар тізіліп сапқа тұрған оқушылар алдымен жол полицейлерінің жол жүру ережесі жайлы айтқандарын мұқият тыңдады. Қойылған сұрақтарға жауап беріп, белсенділік көрсетті.

 Мұнан кейін жасөспрімідер мектеп ауласына кірген тәртіп сақшыларының қызметтік көлігін қызыға тамашалап, қызығушылық танытты. Сонымен қатар, кездесуден алған әсерлерімен де бөлісті.

Сонымен қатар, бұл күні Қаскелең қаласындағы және Жамбыл ауылындағы үлкен жолдардың бойына жүргізушілерді жолда жүру тәртібін сақтауға шақыратын билбордтар ілінді.