Жаңашылдыққа жол ашатын бағдарлама
Primary tabs
Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың биылғы «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында еліміз дамуының барлық Стратегиялық бағыттарын жүзеге асыратын міндеттер қойылды. Республика болашағына бағдар беретін бұл жолдауда «XXI ғасырдағы дамыған ел дегеніміз - белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар»- деген.
Ал, дамудың негізі білім мен ғылымға келіп тіреледі. Сондықтан да, әлемдегі дамыған елдер сияқты Тәуелсіз елімізде білім жүйесі сапасын жетілдіру ең негізгі өзекті мәселелердің бірі болып отырғаны белгілі. Дамыған 50 елдің қатарына қосылу үшін, білім беру жүйесінде жастарға сапалы білім беріп, олардың үйлесімді дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуында ұстаздың кәсіби шеберлік көрсеткіштерінің бірі - жалпы педаогикалық, ғылыми-теориялық, әдістемелік жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік меңгерудің маңызы зор екендігін ерекше атап өтуге болады.
Қазіргі ұстаздар алдындағы міндет: ғылым мен техниканың даму деңгейіне сәйкес оқушының білімі терең, іскер және ойлауға қабілетті, әлемдік стандарттар негізінде жұмыс істей алатын құзырлы тұлғаны қалыптастыру. Мұндай талапқа сай қызмет істеу үшін ұстаз үздіксіз ізденісте кәсіби білікті болуы тиіс.
Жаңартылған оқу бағдарламасы оқушының ой-өрісін кеңейтіп, дүниетанымдық көзқарастары мен танымдық белсенлілігін арттыруда, зерттеушілігі арқылы шығармашылық икемділігін дамытуда, біліктілікке ұмтылуда, яғни тұлғаны жан-жақты дамытуды жүзеге асыруда шешуші рөл атқаратындығы мәлім.
Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінде Қазақстан Республикасы орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде бірқатар пәндер бойынша педагогикалық кадрлардың біліктілігін арттыру курстары жүргізілуде.
Жаңартылған білім беру бағдарламасының ең негізгі мақсаты-білім алушылардың оқу нәтижелерін жетілдіру болып табылады. Орта білім мазмұнын жаңартудың көптеген компоненттері, соның ішінде мұғалімдердің біліктілігін арттыру бағдарламасы осы мақсатқа бағытталған.
Жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсынан алған әсерлем өте көп. Ондағы жүргізілген тиімді әдіс-тәсілдер - педагогтардың оқытудың әмбебап үлгісін және тиімді әдістер жүйесін қолданып, оқушыларға тәуелсіз болуға, сыни тұрғыдан ойлауға, оқуға жауапкершілікпен жәнешығармашылықпен қарауына көмектесетін сыни тұрғыдан ойлауға бағытталған.
Сөзімді қорыта айтар болсам, бұл жаңартылған білім беру бағдарламасы бойынша менің көкейге түйгенім: алдымызға бір мақсат қоя отырып, сол мақсатқа жету жолында шәкірттердің жүрегіне жол тауып, әрекеттендіре білу шеберлігіне жетсек, егемен елдің ұл-қыздары білімді де білікті болып шықпақ. Соның арқасында біз бәсекеге қабілетті, іргесі мықты ел боламыз. Ұстаздықтың ұлы жолында өзімнің бар күш жігерімді салып, еліме пайдамды тигізіп жатсам, бұл ғаламда одан артық бақыт жоқ деп ойлаймын.
С.Касенова,
«ӨРЛЕУ» БАҰО» АҚ ФИЛИАЛЫ «АОБПҚБАИ» аға оқытушы, PhD доктор.
Б.Бейіс,
Л.Н. Толстой атындағы орта мектебінің
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.