Көрсетілетін қызметке халықтың көңілі толмайды

Primary tabs

May 27, 2019 / 0 comments

«Айналайын өкімет, қайда барсаң өшірет» деп айтқан бір апаның сөзі халық арасында қанатты қағидадай таралып кеткені жасырын емес. Және бұл шындық та! Әсіресе тұрғындардың легі сиремейтін кей мемлекеттік мекемелер мен банктерге барғанда кейде осылай демеске шараң да қалмайды.

          Бірақ, билік тарапынан осындай толассыз кезектер мен қағазбастылықтан арылу мақсатында, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында, бірқатар шаралар да қолға алынуда. Мысалға, қазір кейбір анықтамаларды ат терлетіп алысқа бармай-ақ, электронды түрде сұраныс жолдау арқылы ала алсыз. Дегенмен, қоғам әлі бұл жаңалықтарға, жаһандануға дайын емес сияқты. Жалпы, қарапайым халық болсын, жылы орынға жайғасқан шенеунік болсын, кейде этика мен мәдениеттілік деген ұғымдардан аттап кетіп жататындығымыз да бар. 

 

 Бұл әңгімені неге бастады дерсіздер? Жоғарыда айтып өткен таусылмайтын кезек мәселесі соңғы кезде күрт күрделеніп кеткен орынның бірі – ауданымыздағы халыққа қызмет көрсету орталығы. Табандарынан таусылып, қағазбастылықтан шаршаған тұрғындарымыз редакциямызға осы жағдай жайлы шағымданған болатын. Әрине, қоғам бар жерде түрлі пікір, қилы мінез, түсініспеушілік те бар. Дегенмен, мән жайды орталық басшылығының өз аузынан естіп, тұрғындарға жеткізгіміз келді. Ондағы ойымыз – жұртшылыққа кейбір қызметтерді үйде отырып-ақ алуға болатынын түсіндіру және қазіргі құжат жинаудағы қарбаластың уақытша екеніне көз жеткізіп, көпшілікті сабырға шақыру еді. Сөйтіп,  телефон арқылы хабарласып, белгіленген уақытта халыққа қызмет көрсету орталығына кірдік. Бізге сұхбат беретін мекеме басшысының орынбасары әлдекімнен рұқсат сұрайтынын айтып, залда күтуімізді өтінді. Босқа тұрмай бір ақ жаулықты ананы сөзге тарттық. Ол мекеме қызметіне ризашылығын білдірді.

Ал, едәуір уақыттан соң оралған қызметкер аяқ асты ойынан айнып, сұхбат бермейтінін айтты. Біз мемлекеттік қызметшілердің бұл қылықтарына таңданысымызды білдіріп үлгергенше, кезекте тұрған тұрғындар да қасымыздағы мекеме өкіліне дүрсе қоя берді.

Сұхбаттасымыз не бізге, не халыққа мардымды жауап қайтармастан қасымыздан ғайып болды. Басшылыққа мән жайды баяндауға асықты. Ал, біз көпшіліктің мұң-шерін тыңдамай кете алмадық. Себебі, олар онсыз да сағаттап кезекте тұрған, шаршаңқы, ашулы еді. Арасында тіпті бір құжат соңында бірнеше күн жүргендер де бар екен.

            Сол мезетте телефонымыз тынымсыз шырылдай жөнелді. Сөйтсек, астыңғы қабатта шуылдаған жұртшылыққа жағдайды түсіндіріп, сабырға шақыруға асықпаған Халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы жоғарыдан бізге қоңырау шалып, неге адамдардың арызын тыңдайсыңдар деген ренішін жеткізіп, мекемеден кетуімізді сұрады. Тіпті, бұл сюжет эфирге шыққан жағдайда сотқа береміз деп қоқан-лоққы көрсетті. Ал, соңғы кездері неліктен орталықта адам күрт көбейіп, кезек күтушілер қатары артып кетті деген сауалымызға ресми жауап бермейміз деп кесіп айтты. Хош делік. Халықпен сөйлескісі келмейтін халыққа қызмет көрсету орталығының басшылығымен айтысып, алтын уақытымызды кетірер жайымыз жоқ. Дегенмен, проблема бар екенін біздің емес, тұрғындардың өз аузынан естідіңіздер. Ал, ауруын жасырғанның арты не болары белгілі! Проблема демекші, бұл орталыққа келушілерді алаңдататын тағы бір мәселені тұрғындардың өз сөзімен беруді жөн көрдік.

Естеріңізде болса, қазіргі мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қызметіне кірісе сала, барлық деңгейдегі басшылардың халыққа жақын әрі ашық болуын тапсырған еді. Тіпті, өзгерісті өзінен бастап, әлеуметтік желіде акаунтын ашқаны мәлім. Ал, жайғасқан жылы кабинетінен шығып, жұртшылықтың жанайқайын естуге асықпаған кей басшылардың мұндай әрекетін таразылауды мемлекеттік қызметті қадағалаушы органдардың еншісіне қалдырдық