Айжан Назарбаева: Жеке басқа, ар-ожданға тіл тигізетін жағдайға жетпей, барлық мәселені мәдениеттілікпен шешкен абзал

Primary tabs

Ақп 29, 2020 / 0 комментарии

Әлеуметтік саладағы атқарылып жатқан жұмыстар мен реформалар әрдайым жұртшылық назарында. Себебі, халықтың әл-ауқаты, өмір сүру деңгейі, тыныс-тіршілігі осы бағыттағы көрсеткіштерден анық байқалады. Сондықтан біз ауданымыздың білім, денсаулық сақтау, қоғамдық қауіпсіздік сияқты маңызды салаларын бақылауында ұстайтын, аудан әкімінің орынбасары Айжан Нұрділдәқызы Назарбаеваны арнайы сұхбатқа шақырған едік.

-          Ең алдымен қойғымыз келетін сұрақ: Айжан Нұрділдәқызы, Kaskelenkz журналистеріне тікелей сұхбат беруден неліктен бас тарттыңыз? Президент айтқан «Халыққа ашық мемлекет» қағидасын қолдамайсыз ба?

- Мен Президент айтқан «Халыққа ашық мемлекет» қағидасын толық қолдаймын. Алайда, мемлекеттік қызмет жұмысының көптігіне байланысты, бұқаралық ақпарат құралдарына көп сұхбат бере алмаймын. Дегенмен, олардан түскен сұрақтарды да жауапсыз қалдырмауға тырысамын. Ал, белгілі бір себептермен жұмыста болмасам, журналистер тарапынан қойылған сұрақтарға аудандық әкімдіктің баспасөз қызметі жауап беруге тиіс.

-          Аудан әкімінің орынбасары ретінде қандай салаларды қадағалайсыз?

Аудан әкімнің орынбасары ретінде аудандық ішкі саясат, білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдеріне жетекшілік етемін. Сонымен қатар, денсаулық сақтау саласының, аудандық жұмыспен қамту орталығының, аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау басқармасының, қорғаныс істері бөлімінің, пошта бөлімшесінің және полиция басқармасының жұмысын қадағалаймын.

-          Аудан әкімі баспасөз қызметінің функционалдық міндетіне не кіреді? Неліктен әлеуметтік желідегі ( Instagram, Fаcebook)  аудан әкімінің, әкімдігінің ресми парақшаларында ашық дереккөз жоқ? Ақпараттың барлығы, соның ішінде фотосуреттер авторлық құқықпен шектелген. Бұдан шығатын қорытынды, әкімдік ауданда болып жатқан жаңалықтардың басқа БАҚ-тарда жариялануына мүдделі емес пе? Әлде, баспасөз хатшысы заңда көрсетілген өз міндеттерін толық білмей ме? Неге ауданда болатын ауқымды шаралар халыққа да, ауданда орналасқан өзге де БАҚ-тарға да алдын-ала хабарландырылмайды және пресс-релиз жіберілмейді?  

-          Ең алдымен, Қарсай ауданы әкімінің баспасөз хатшысының қызметтік міндетіне лауазымдық нұсқаулықтың 3-ші тарауына сәйкес, ауданда өтіп жатқан іс шараларға журналистерді шақыру кірмейді. Алайда, ауданда болып жатқан кез-келген шаралар мен орын алған жағдайларға қатысты журналистердің сұрақтарына жауап қайтарып, сұқбат беру қызметтік міндетінің бірі болып есептеледі. Аудан әкімі мен әкімдік парақшаларында жарияланып жатқан ақпарат пен фотосуреттердің авторлықь құқығы karasayinfo.kz сайтына тиесілі. Осы ретте, karasayinfo.kz желілік басылымы аудандық «Заман жаршысы» газеті ЖШС-нің меншігінде, ал, аталмыш басылымның құрылтайшысы Қарасай ауданы әкімдігі болып табылатынын назарға алған жөн. Осыған сәйкес, әкімдіктің баспасөз қызметі арқылы ауданда өтіп жатқан іс шаралар, жарияланымдар karasayinfo.kz желілік басылымымен бірге түпнұсқа дереккөзі ретінде хабарланады. Жалпы, фотосуреттерді немесе ақпаратты пайдалануға ешқандай шектеу қойылмаған, тек гиперсілтеме арқылы дереккөз көрсетілсе жеткілікті.

-          Қарасай ауданының білім беру саласындағы ахуал жайлы не айтасыз? Аудандық білім бөлімінің басшысы не себепті орнынан кетті?

-          Ауданның білім беру саласын айтсақ, ондағы жағдай қалыпты. Жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде талапқа сай көп істер жүзеге асырылуда. Білім мекемелері мен қызметкерлердің ең басты жұмыс нәтижесі, ол сапалы білім десек, 2018-2019 оқу жылында аудан бойынша білім сапасы 63,7% құрады. Бұл көрсеткіш 2017-2018 оқу жылымен салыстырғанда 5,7% жоғарылап отырғанын атап айтуға тиіспіз. 59 оқушы «Алтын белгі» төсбелгісі, 54 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. 2019-2020 оқу жылында әртүрлі пәндерден аудандық деңгейден бастап халықаралық дәрежеде өткізілетін олимпиадалар мен жарыстарға 3289 оқушы қатысты.

2018-2019 оқу жылында Қарасай ауданының білім бөлімінің басшысы міндетін атқарған Ж.Н.Нұрғалымовтың қызметі барысында ешқандай келеңсіз жағдайлар орын алған жоқ. Нақты жұмыстан шығу себебіне келетін болсақ, ол 2019 жылдың 18 желтоқсанында білім бөлімі басшысы лауазымынан өз өтініші негізінде босатылды. Қазіргі таңда Алматы облысы, Талғар ауданы әкімі аппаратының басшысы қызметін атқаруда. Өзі осы аталған ауданның тұрғыны болғандықтан, сол өңірде жұмыс істеуді жөн санады.

 

-           Көлащы ауылындағы орта мектептің спортзалы не себепті істен шықты? Неліктен бірнеше жыл қолданысқа берілмей тұр?  Неге сол мектепте оқитын балалар дене шынықтыру сабағында сыныпта отыруға мәжбүр? Ол мектеп қашан салынған? Қандай мердігер мекеме құрылыс жұмыстарын жүргізді?  

-          Көлащы ауылындағы 300 орындық Бәрібаев орта мектебінің құрылысы 2009 жылдың 28 қазанында басталып, 2010 жылдың 1 қыркүйегінде қолданысқа берілді. Құрылыс жұмыстарын жүргізген мекеме - «URME» ЖШС. Бүгінгі күні мектептің спорт залындағы еденнің шіріуіне байланысты оның жөндеу жұмыстарына қажетті қаражаттың көлемі анықталды. Алдағы кезекте мәслихат отырысында аталған қаражат бөліну жағы қарастырылды. Спорт зал еденіне арнайы «tarket» резинасы төселінетін болады.

-          Ауданда соңғы 3 жылда қанша педофилизм фактісі тіркелген? Әр жылға бөлек-бөлек сараптамалық ақпарат беріп өтсеңіз. Оны болдырмау үшін қандай жұмыстар қолға алынды және олардың нәтижесі қандай?   

-          Педофилизм туралы ақпарат жабық болып есептеледі. Неге десеңіздер, оған қатысты деректер құпия болып табылғандықтан және жыныстық тұтастық жайында болғандықтан бұл жөнінде ақпаратты міндетті түрде аудандық полиция басқармасынан ресми түрде жазбаша алу керек.

-          Аудандағы кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірім қыздар арасындағы жүктілік бойынша қанша дерек тіркелді? Алматы облысы бойынша бұл көрсеткіште Қарасай ауданы нешінші орында тұр? Бұл келеңсіздікті жою мен алдын алу үшін қандай шаралар қолға алынуда?

-          Аудан бойынша 2019 жылы 72 жүктілік тіркелген босла, олардың ішінде 10-ы колледж студенттері, ал 62-сі негізгі білімдері бар түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінің дәстүрлеріне, әдеп-ғұрпына байланысты ата-анасының рұқсатымен тұрмыс құрған қыздар екенін айтқан жөн. Бүгінгі таңда ауданымыз бойынша кәмелеттік жасқа толмаған қыздар арасында 10 жүктілік тіркелген. Олардың үшеуі студент болса, қалған жетеуі жоғарыда аталып көрсеткендей, негізгі орта білімдерін алған тұрмыстағы жасөспірім қыздар. Әрине, олар 18 жасқа толмағандықтан бұл жайт қоғам үшін қуантарлық жағдай емес. Сондықтан алдағы уақытта осындай жағдайлар орын алмас үшін қазірден бастап жоспарға сәйкес колледж жастарымен, мектеп оқушыларымен әртүрлі профилактикалық іс шаралар, лекциялар, т.б түсіндіру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Барлық білім мекемелерінде 25 рет жыныстық тиіспеушілік, қатігездікке төзбеушілік қарым қатынастарын қалыптастыру мақсатында аудандық СӨС (салауатты өмір салты) бөлімімен бірқатар іс шаралар атқарылды. Нақты айтқанда, «Зорлық зомбылықсыз балалық шақ», «Жыныстық тәрбие», «Қыз тәрбиесі» сияқты тақырыптар аясында ашық түрде әңгімелер мен тәрбие сағаттары өткізіліп тұрады.

Осы сұраққа жауап бере отырып ата аналарға айтарым, қыз баланың тәрбиесіне көп көңіл бөлсе екен деймін. «Қызға қырық кісі сөйлейді» демекші, қыздарымызды көпке үлгі етіп тәрбиелеп, әдептілікке, білімге, өнерге көп баулыса екен деймін. Қазақта «Қызды қырық үйден тыйым» деген мақал да тегін айталмаған, сірә. Сондықтан бұрымдыларымызды барынша жаман әдеттен сақтап, оларды аялап, қылықты етіп тәрбиелейік!

-          Қазіргі таңда жалпы ел көлемінде сыбайлас жемқорлық фактілері көп анықталып, кінәлілер жазаланып жатыр. Көңіліңізге жақын алмаңыз, дегенмен мынандай сұрақ қойғымыз келеді. Егер сіз бақылайтын саладағы қызметкерлердің не бөлім басшыларының парақорлыққа барғаны анықталса, сіз өз еркіңізбен орныңызды босатар ма едіңіз? 

-          Алдымен, қай қайсымыз болсын қандай лауазымда, жауапты қызметте болғанымызбен, ең бірінші біз Қазақстан Республикасының азаматымыз. Сондықтан заң бәрімізге ортақ және оған бағынуға міндетті екенімізді айтқым келеді. Мемлекеттік қызметте жүргендіктен бәріміз заңға бағынуымыз керек.

-          Өзіңіз қадағалайтын салалар бойынша 2020 жылы қандай жақсы жаңалықтарды, өзгерістерді күтеміз? 

-          Соңғы уақыттарда еліміз бойынша көп балалы аналар мен тұрмысы төмен отбасылардың жағдайлары басты назарға алынғаны өздеріңізге белгілі. Олардың тұрмыстық деңгейін жақсарту мақсатында мемлекет тарапынан қолдау да көрсетіліп тұрады. Біздің аудан көлемінде де осы мәселелерге қатысты жұмыстар атқарылып, аз қамтыған отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау жағын жүзеге асыруда. Нақты айтар болсақ, 2019 жылы ауданымыз бойынша 4838  отбасына (23388) АӘК тағайындалып, оларға көмек ретінде   2 417 252 000 теңге көлемінде жәрдемақы төленді.

Атаулы әлеуметтік көмек жәрдемақысы аз қамтылған отбасыларға бағытталғанын айта кеткен жөн. Алайда кейбір отбасылардың осы талапқа сай еместігі де анықталды. Мәселен, 2019 жылы тұрмыстық жағдайы жоғары, тұрғын үйлері үлкен, балалары басқа өңірлерде оқитын отбасылар және жоғары көлемде жалақы алатын азаматтар жалақысын жасырып, атаулы көмекке жүгініп, жәрдемақыға қол жеткізеді. Бірақ заң аясында осындай фактілер анықталып, тиісті шаралар қолданылды. Соның нәтижесінде ауданымыз бойынша 1303 отбасыға АӘК қайта есептелініп, 683 отбасыға жәрдемақысын қайтару жұмыстары жүргізілді.

2020 жылы атаулы әлеуметтік көмек алушы азаматтардың балаларын мемлекеттік әлеуметтік пакетпен, яғни,  азық түлікпен және гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету жағы қарастырылды. Бүгінгі таңда әлеуметтік пакетке қажетті қаражат бөлінді. Аудан бойынша 1268  балаға ай сайын 1 жастан 3 жасқа дейін азық түлік пакеті әр балаға 4707 теңге көлемінде (1268 бала аудан бойынша), ай сайын  3 жастан 6 жасқа дейін азық түлік пакеті әр балаға 4707 теңге көлемінде (1934 бала аудан бойынша), сонымен қатар, тоқсан сайын 1 жастан 6 жасқа дейін гигиеналық құралдар әр балаға 1750 теңге көлемінде берілетін болады (3202 бала аудан бойынша).

Қарасай - халық өте тығыз орналасқан аудан. Сондықтан медициналық қызмет көрсету салсына мүмкіндігінше көңіл бөлінуде. Ауданда 2018-2019 жылдары аралығында ешқандай ана өлімі орын алған жоқ, ал бала өлімі төмендеді. Бала туу саны артып келеді. Туберкулез ауруы азаю үстінде.

Ауданымызда сырқаттардың жағдайын жан-жақты бақылау және медициналық қызмет сапасын көтеру мақсатында материалдық жағынан қамтамасыз ету жағы да басты назарға алынған. Мәселен, 2020 жылы аудандық ауруханаға цифрлы маммограф алу жоспарланып отыр. Сол сияқты төрт балаларға арналған ЖӨЖ (жасанды өкпе желдететін) аппараты алынады. 19 жеде жәрдем автокөлігіне тапсырыс берілді. Одан бөлек, біздің орталық ауруханада облыс бойынша басқа аудандарда жоқ заманауи талапқа сай компьютерлік тамограф аппараты бар екенін де ерекше айтуға болады. Сонымен қатар, алдағы уақытта Долан ауылына 25 келушіге арналған және Іргелі ауылына 100 науқастарды қабылдайтын дәрігерлік амбулаториялар салу жоспарда бар. Ал, аудандық орталық аурухана мен Әйтей ауылындағы дәрігерлік амбулаторияға осы жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

Көпшілікке мәлім болғандай, республика бойынша биыл 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілген болатын. Аталған медициналық көмек екіге бөлінген: (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көмегі және міндетті әлеуметтік медициналық көмек). Бұл жайында қысқаша айта кетсек, 1 қаңтар мен 1 сәуір аралығында еліміздің барлық азаматтарына, оның ішінде сақтандыру жарналары төлегендерге де, төлемегендерге де шартты түрде қызмет көрсетіле береді. Алайда, сақтандыру жарналары төленбеген азаматтар 1 сәуір айына дейін жарналарды төлеуге тиісті. Егер олай болмаған жағдайда, жоғарыда айтылған медициналық қызмет тегін алу мүмкіндігінен айырылады. Бүгінгі күнде ауданымыз бойынша 69739 адамның сақтандыру жарналары төленбеген. Осы азаматтар 1 сәуір айынан бастап міндетті әлемуеттік медициналық сақтандыру жүйесінен шығып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан тұрғындарға жоспарлық медициналық көмекті дер кезінде алу үшін уақыт жоғалтпай алдымен емханаларда тіркелуге, ал сақтандырылмағандарға тиісті жарналарын төлеуге кеңес беремін. Егер жұмыссыз жандар болса, онда олар аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барып тіркеліп, «жұмыссыз статусын» алуға тиісті. Кейін сол адамдарға мемлекет тарапынан тиісті жарналар төленеді.

Білім саласындағы атқарылып жатқан жұмыстар да жетерлік. Басты мәселе мектептердегі үш ауысымдылық болғандықтан, оған қатысты жоспарлы істер өз деңгейінде жүзеге асып келеді. Мәселен кейбір мектептерде үш ауысымдық мәселесін шешу жолы қарастырылды. Нақты айтқанда Керімбеков, Мәметов орта мектептерінде 300 орындық, Абай ауылындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржай құрылыстары жүргізілді. Ал, Ыбырай Алтынсарин атындағы орта мектепке 600 орындық жапсаржай құрылыстары жүргізілуде, оның аяқталу мерзімі осы жылдың шілде айына жоспарлануда. Сондай ақ бүгінгі таңда жаңа мектептің құрылысын жүргізу үшін бірқатар білім ошақтарының жобалау сметалық құжаттамасы да әзірленген. Атап айтсақ, Батан ауылындағы орта мектепке 450 орындық, ал Үштерек, Жармұхамбет, Бұлақты, Елтай ауылдарындағы орта мектепке 600 орындық.

Тағы бір айта кетерлігі, Алмалыбақ ауылдындағы орта мектепке, Іргелі ауылындағы, Толстой орта мектебіне және Шамалған бекетіндегі орта мектепке 600 орындық жапсаржай құрылыстарының жобалау сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр.

Жалпы, жоғарыда айтылған жапсаржай құрылысына бөлек аудан ішінде кейбір мектептерге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу жағы да қарастырылып отыр. Олардың қатарында Әзірбаев, Белинский; Сәтбаев орта мектептері мен Жамбыл ауылындағы оқу өндірістік комбинаты бар.

Бұл айтылғандардан бөлек, Долан ауылындағы бастауыш мектептің үш ауысымдылық мәселесін шешу үшін жаңа мектептің іргетасы қаланатынын ерекше атап көрсетуге болады. Бүгінгі таңда 2,5 га жер телімі сатып алынып, 600 орындық жаңа білім ордасының құрылысына аудандық қаражаттың есебінен жобалау сметалық құжаттамасы әзірелену үстінде.

Өздеріңіз білетіндей, Іргелі ауылдық округіне қарасты 25 мыңнан астам халқы бар «Асыл арман» тұрғын үй кешеніне де жаңа мектептің қажеттілігі басты мәселе болып тұр. Қазіргі уақытта көп қабатты тұрғын үйлерден 980 оқушы жақын маңдағы Кемертоған ауылындағы мектепке тасымалданып, білім алуда. Аталған мәселені шешу үшін 2200 оқушыға арналған жаңа мектептің жобасы әзурленіп, құрылыс жұмыстарын биыл бастау жоспарлануда.

Сонымен қатар, келешекте осындай білім ордаларының санын көбейту мақсатында Қошмамбет ауылына жаңа мектеп салу ойда бар. Қазіргі уақытта оның құрылысын жүргізу үшін жер телімі іздестірілуде.

Негізінде, жоғарыда айтылған мәселелердің реті, әрине, заман талабына сай жағдай жасауға байланысты айтылған ақпараттар. Оларға қатысты жүйелі жұмыстар өз деңгейінде атқарылады. Бұл айтылғандардан басқа аудан мұғалімдерінің материалдық базасы жағы да жақсарып келе жатқанын жеткізуге болады. Біздің ауданда ұстаз мәртебесін арттыру, қоғам алдындағы мұғалімнің беделі мен әлеуметтік-экономикалық әл ауқатын жақсарту мәселелері алға қойылып, оған аса назар аударылуда. Жалпы, өңірдің білім саласын жақсарту мақсатында қазіргі уақытта аудан бойынша 4638 ұстаз еңбек етуде (жоғары санаттағылар - 982, бірінші санттағылар - 1609). 2018 жылдың сәуір айынан бастап педагогтар аттестацияның жаңа жүйесіне көшті. Соның нәтижесінде ауданымызда 18 педагог шебердің, 424 педагог зерттеушінің, 436 педагог сарапшының,  380 педагог модератордың саны арта түсті. Сонымен қатар, жаңартылған орта білім беру мазмұнын енгізу шеңберінде 3529 мұғалім біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, жұмыстарын жалғастыруда.

Білім саласына қатысты сөзімді қорытындылай келе, ұл қыздарымыздың оқу тәрбиесіне қоғам болып атсалыссақ деймін. Балалар біздің болашағамыз екенін ұмытпауымыз керек. Олардың келешегі жарқын болу үшын бойымыздағы күш жігерді аямай, бар білген түйгенімізді саналарына сіңіріп, ақыл кеңестерімізді айтып, озық ойлы білімгердің қатарына қоса білуіміз қажет. Ұлағатты ұрпақ елдің ертеңі, мемлекеттің тұтқасы екенін ұмытпаған жөн.

-          Осы сұхбатты пайдалана отырып, қарасайлықтарға не айтқыңыз келеді?

-          Кез келген мемлекет алдымен халықтың мүддесін ойлайды. Қарасай аудандық әкімдігі де осы мақсатта жұмыс істейді. ол, әрине, алдымен елдің бірлігі мен ынтымағына, әлеуметтік мәселелердің оңды шешілуіне, жастар тәрбиесі, білім беру, денсаулық сақтау салалары сапалы болуы және т.б. Жұмыс барысында қате кемшіліктердің де орын алатыны жасырын емес. Алайда, «сын түзелмей мін түзелмейді» дегендей әр оқылықтың соңынан нәтиже шығара білуде маңызды. Бастысы жеке басқа, ар ожданға тіл тигізетін жағдайға жетпей, барлық мәселені мәдениеттілікпен шешкен абзал.

Әрине, бес саусақ бірдей емес. Дегенмен, «саусақ бірікпей, ине ілікпейді» деген сөз тағы бар. Сондықтан, ымыра-ынтымақты алға қойып, сіздер мен біздер ауданның мұң-мұқтажына бірге алаңдап, әл ауқатын арттыруға бірге атсалыссақ деймін.

Осы бір сәтті пайдалана отырып, барлықтарыңызды  1 Наурыз – Алғыс айу күнімен, 8 Наурыз - Аналар мерекесімен және ұлыстың ұлы күні - Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Бағындырар белестеріңіз көп болып, табысты еңбек етулеріңізге тілектеспін!

Алдағы уақытта Мемлекет басшысының тапсырмаларын, мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын алға тартып, бәріміз жұмыла осы үлкен, ауқымды міндеттерге сай жұмыс істейік, бейбіт өмір сүріп, балаларымызды өсірейік, елдің күш қуатын арттырайық.

-          Айжан Нұрділдәқызы, сұхбатыңызға рахмет! Сіздің де деніңізге саулық, алдағы еңбегіңізге асқақ абырой, биік жетістіктер тілейміз!

Сұхбаттасқан Клара Көпбаева.