Аудандық тарихи-өлкетану музейі
Primary tabs
Қарасай ауданының орталығы Қаскелең қаласында өткен ғасырдан сыр шертетін тарихи – өлкетану музейі бар. Бұл музей үйін 1899 жылы казак-орыстар діни мектеп үшін салғызған. 1938 жылы қыркүйекте қазақ орта мектебі ашылды. Ұлы Абай есімі мектепке 1945 жылы ақынның 100 жылдық мерейтойына орай берілді. Сол мектепті 1958 жылы бітірген 42 түлектің бірі – бүгінгі күнгі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Мектеп жаңа ғимаратқа көшкен соң, бұл үй мектеп жанынан жатып оқитын балалар жатақханасы болып өзгереді. Ғимарат интернат қызметін 90-шы жылдарға дейін жалғастырады. Кейінірек интернат жабылып қалды да, бұл үй мектеп мұғалімдері, негізінен жас отбасылары тұратын пәтерге айналдырылды.Осы ескі мектеп ғимаратын музейге айналдыру мәселесін қозғап, 1997 жылдың қаңтарында Абай атындағы қазақ орта мектебінің сол кездегі директоры Мәрия Мұқанова мен бүгінгі ел Президентін білім нәрімен сусындатқан майдангер ұстазИсаев Сейітхан екеуі Елбасына арнайы хат жазып, жеке қабылдауын өтінеді. Сол жылғы 15 мамыр күні Елбасы Сейітхан ата мен Мәрия апайды Алматыдағы резиденциясында жылы шыраймен қабылдады. Сөйтіп, аудандағы музей мәселесі оң шешімін тауып, орта мектептің ескі үйіне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.