Әкімдік өкілдері жол бойындағы сауданы жоймақ

Primary tabs

Шлд 01, 2019 / 0 комментарии

Қаскелең қаласындағы орталық «Жер ана» базарының маңындағы заңсыз сауда көпшілікің наразылығын туғыза бастағаны белгілі. Себебі, жұртшылық жаяу жүргіншілер жолына жайғасқан олардың әрлі-берлі қатынасқа кедергі келтіретінін айтып, шағымдануда. Осыған орай, аудандық кәсіпкерлік бөлімінің ұйымдастыруымен тиісті құзырлы мекеме өкілдері олардың бұл әрекетіне тиым салу үшін рейдке шықты, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

 Шындығында бұл жерде отырғандарды да оңай олжаға кенеліп, қалталарын қампитып отыр деуге келмес. Күнкөрістің қамымен өз бау-бақшаларында өскен өнімді кәдеге жаратып, тұрмыстарын түзеуге тырысқан қарапайым шаруаларға көбірек ұқсайды. Сол себептен, әкімдік өкілдерінің талап-тілектері оларға аса ұнай қойған жоқ. Дегенмен, заң – баршаға ортақ. Сатушылар жол қозғалысына кедергі келтірмей, арнайы сауда алаңдарына жайғасулары керек.

Аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Ілияс Қалиевтың айтуынша, мұндай тексеру және тәртіпке шақыру жұмыстары аудан көлемінде атқарылатын болады.

Ал, «Жер-Ана» базары әкімшілігі бұл заңсыз кәсіп иелеріне бұрыннан ескерту жасадық деп отыр. Маманның сөзіне қарағанда, күнделікті сауда жасағандары үшін сатушылар 350 теңге төлейді екен. Ал, ол қаражатты базар әкімшілігі аула сыпырушының еңбекақысы мен салық төлемдеріне жұмсайтынын айтуда.

Саудагерлердің де өз шындығы бар. Ешкімнің қыста қақаған суықта, жазда шіліңгір ыстықта мұнда жетіскеннен отырмағандығын ашулана жеткізген олар жаңа сауда алаңдарына көшсе тұрақты тұтынушыларынан айырылып қаламыз деп қорқады. Сонымен қатар, жол үстіндегі сауда әрлі-берлі өткендерді де менмұндалап шақырып тұратыны жасырын емес. Сол үшін жайғасқан жылы орындарынан қозғалуды қаламайды.

Қалай дегенмен де, аудан әкімінің тапсырмасымен жиналып, тексеруге шыққан кәсіпкерлік бөлімінің, мемлекеттік кірістер басқармасының, тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасының, қалалық әкімдіктің өкілдері мен учаскелік полиция инспекторлары бұл заңсыздықты түбегейлі жою керектігін алға тартады. Себебі, шаруалардың бұл әрекеті біріншіден қала көшелерінің көркін бұзса, екіншіден, жолаушылардың қатынасына кедергі. Құзырлы орган қызметкерлері бастаған істі соңына дейін жеткізуге бекініп отыр.

 

Клара Көпбаева