Аян Миттра: "Журналистерді халық қаржыландырмаса, үкімет қолшоқпарына айналады"
Primary tabs
АҚШ-та журналистердің үкіметке, корпоративті секторға тәуелді болмай, тек халыққа қызмет етуі үшін медиа компаниялардың коммерциялық емес мақсатта құрылуы трендке айналды. Солардың бірі – The Texas Tribune. Аталмыш компания АҚШ-тың Техас штатының астанасы – Остин қаласында 10 жыл бұрын қарапайым халық және журналистикаға бейжай қарамайтын қорлар мен редакция саясатына араласпайтын ауқатты азаматтардың қолдауымен құрылған. Бүгінге дейін The Texas Tribune редакциясы 53 миллион АҚШ долларымен қамданып, қатардағы тілшілер санын 2,5 есеге дейін арттырған.
The Texas Tribune редакторы Аян Миттра жақында Алматыда өткен медиаконференцияға спикер ретінде қатысып, Қазақстандағы журналистиканың жағдайы туралы да өз ойын білдірген еді. Соның ішінде біз бүгін Миттраның БАҚ саласын қолдау жөніндегі пікірін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Халықаралық деңгейдегі медиа ресурстардың басым бөлігі ағылшын тілінде ақпарат таратады. Ал олардың біршамасы АҚШ-та. Либералды және консервативті көзқарастағы медиа компаниялар бар. Маңыздысы, олар мемлекеттік секторға тәуелді емес. Қазақстандағы медиа болса қаржыландыру тауқыметін көріп отыр. Олар өз жұмысын кәсіби деңгейде жасап жатқанымен, қаржыландыру мәселесін шеше алмай дал. Ал беделді азаматтар медиа ресурстарды қаржыландыру арқылы оны өз мақсатында пайдаланғысы келеді. Редакция саясатына араласпайтын, бірақ қаржыландыратын азаматтар жоқтың қасы. Жеке сектордан капитал ала отырып, редакцияның тәуелсіз позициясын сақтап қалу үшін не істеу керек?
Бұл – бүкіл әлемдегі медианың басты шешілмеген мәселесі. Біз The Texas Tribune жобасын венчурлы капиталистің қолдауымен бастадық. Ол осы күнге дейін редакцияның бағыты мен саясатына еш араласқан емес. Қазір біз медиа еркіндігі мен сөз бостандығын жақтайтын ұйымдар мен қорлардан, өз штатымыздағы түрлі корпорациялардан, қайырымдылық іс-шаралардан және басылымның ақылы нұсқасына жазылған азаматтардың есебінен қызмет етіп келеміз. Одан бөлек, редакцияның жарнама бөлімі де айтарлықтай қаржы тауып отыр. Жалпы есеппен 10 жылда $53 миллион АҚШ долларын редакция қызметіне тарта алдық. Бұл объективті журналистикаға сенетін, оның болуын қалайтын азаматтардың бар екенін білдіреді. Кейде бізді қаржыландырған азамат немесе корпорация туралы жағымсыз ақпарат таратамыз. Олар оны дұрыс түсінуге тырысады. Себебі бұл журналистің позициясы және халық білуі тиіс ақпарат жасырын қалмауы тиіс.
Медианы нарық жағдайына сай диверсификациялау қажет. Бұл АҚШ-та кеңінен жолға қойылған. Мысалы, біз қаржыландыруды тек қалтасы қалың азаматтар арасынан іздемейміз. Бізге айына небәрі $10 беретін адамдар да бар. Оларға біздің ақпарат беру принципіміз ұнайды. Сол себепті қолдау білдіреді. Демек біз істеп жатқан жұмыс халық арасында сұранысқа ие. Медианың маңыздылығын түсінетін азаматтар Қазақстанда да бар екеніне сенемін. Журналистерді халық қаржыландырмаса, үкімет қолшоқпарына айналады. Объективті журналистиканы тек осы бағытпен ғана сақтап қаламыз.
informburo.kz. сайтынан ақшамдалып алынды.