Жолдар жөнделіп жатыр
Primary tabs
Жол азабын тартқан біледі! Бұл қанатты қағида жайдан-жай айтыла салмағаны анық. Ал, оған талай уақыттан бері өз көшесінің тақтайдай тегістеліп, шұңқырсыз, шаңсыз болғанын қалайтын тұрғындардың талайдан бері көзі жеткен.
Қарасай ауданы алып мегаполистің іргесінде орналасқандықтан, тұрғындардың басым бөлігі Алматыда жұмыс істейді, жастар білім алады. Күнделікті күн шапағы қылаң бере қаланы бетке алып, кеш қарая оралатын жұртшылық жылдар бойы Алтын орда базары жанындағы кептелістен мезі боп келген. Ал, 2017 жылдан бастап мұндағы қолға алынған көпір құрылысы көпшілікке үміт сыйлаған. Әрине, жолды он жолақты етіп кеңейту екі күндік шаруа емес, өте ауқымды шаруа. Тіпті, мұндағы қазу жұмыстары бастала салысымен көлік қозғалысы одан сайын қиындай түскені жасырын емес.
Әсіресе, жол бойында жоғалтқан алтын уақыттарын айтпағанда, темір тұлпарларының дөңгелегі ойдым-шұңқырларға түсіп, зардап шеккен жүргізушілер түрлі видеоларды әлеуметтік желі арқылы таратып, мәселені тездетіп шешуді өтінген. Ондай бейнематериалдардың бірқатары біздің редакциямызға да келіп түскен еді.
Бір қуантарлығы жұмыстарды жүзеге асырушы мердігер мекеме «Дәулет Дорстрой» ЖШС халықтың ұсыныс-тілегін ескеріп, тозығы жеткен уақытша жолды тегістеуге күш салды. Мекеме өкілдерінің айтуынша, мұндай жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
Қарасайлықтар үшін жағымды жаңалық бұл ғана емес. Соңғы күндері Қаскелең қаласындағы көшелерді тегістеу де жүйелі әрі қарқынды жүзеге аса бастағандай. Өкінішке орай, осы іске жауапты аудандық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінен толықтай ақпарат алу мүмкін болмады. Дегенмен, Қала әкімі Асқар Мұқашев өз инстапарақшасында оқырмандарына ілгері басқан іс барысын қуана хабарлады.
Атап айтқанда, қазіргі таңда Қарасай батыр, Төле би көшелеріне және «Ерке Нұр» балабақшасына апаратын жол орташа жөндеуден өтуде. Ал, Өмірәлі көшесі мен Байғазиев көшесіне тротуарлар салынады. Бұдан бөлек, осы жарты жылдықта Сары жайлау, Әділет, Шыңбұлақ, Сайран, Жайықты, Байбосынов, Майса, Тілендиев және Кебеже көшелері де қамтылмақ. Олар бойынша қазір конкурс өткізілуде. Дегенмен, жұмыстар мамыр айында-ақ жүре бастайды деген сенім бар. Қала мэрінің айтуынша, бұдан бөлек он көшені жарықтандыру мәселесі де алдағы уақытта шешімін таппақ.
Асқар Өкенұлының жазбасы жариялана салысымен, оның астына пікір қалдырушылар қатары күрт артты. Тұрғындар тізімнен көре алмаған көшелерінің атын атап, оларды да жөндеуге көңіл бөлінсе екен, деген тілектерін білдірді. Жалпы, қала көркін арттыруға қатысты ауқымды жұмыс қолға алынғанын жоққа шығаруға болмайды. Жүйелі сенбіліктер мен ағаш отырғызу науқанынан басқа, қаланың орталық көшелеріне жаңа қоқыс контейнерлері де орналастырылуда. Бұгінгі күнге жүзден астам темір жәшіктер алынған. Ал, өз кезегінде қала басшысы контейнерлерді ұрлап, темірге өткізушілердің де азаймай тұрғандығын айтып, олардың жолын кесуге, жалпы, қаланы жан-жақты дамыта түсуге қаскелеңдіктерді шақырып отыр. Әрине, бұл дұрыс та. Себебі, ауызбіршілік бар жерде алынбайтын қамал болмасы анық.