Ұлы даланың жеті қырын бейнелеп...

Primary tabs

Жел 04, 2018 / 0 комментарии

Елбасы білім алып, үлкен өмірге қанат қаққан Қаскелең қаласындағы Абай атындағы орта мектеп-гимназия - әрдайым өзінің тың жобаларымен, ерекше бастамаларымен, жаңашылдығымен әрі педагогикалық ұжымның белсенділігімен ерекшеленетін қара шаңырақ. Жақында осында өткен «Ұлы даланың ұлы тұлғасы» атты меркелік кеш бұл сөзімізге тағы бір дәлел болмақ. Олай дейтініміз, осы салтанатты шарада бірнеше күн бұрын ғана жария етілген Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы оқушылардың көзімен жан-жақты талданып, мән-мағынасы ашыла түскен. Мектеп фойесіне Президент айтқан жеті қырға байланысты коллаждар жасалып қойылып, жиынжай қадірменді қонақтарға лық толған. Олардың қатарында Нұрсұлтан Әбішұлының ұстазы, ҰОС ардагері, ғасыр жасаған абыз ата Сейітхан Исаев, замандас-сыныптастары, аудандағы зиялы қауым өкілдері болды. Білім ошағының басшысы Тұрсын Сайбырова бас қосудың мақсатымен таныстырып өткен соң, бірден тақырыпқа арнайы ойластырылған музыкалық қойылым бастау алды. Образдарына сай сахналық киім киген оқушылар өз рөлдері арқылы қазақ елінің тарихына көрерменді жетелеп апарып, халқымыздың атын әлемге паш еткен материалдық және рухани байлықтарымызды көпшілікке кезекті рет айқындап бергендей. «Атқа міну мәдениеті»,  «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Түркі әлемінің бесігі», «Ұлы Жібек жолы», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» атты мемлекетімізге тән жеті белгі жайлы байыпты баяндап, әрқайсысына терең тоқталған. Сөз кезегі ұсынылғанда Елбасының сыныптасы Едіге Исатұлы, замандасы Исақ Іңкәрбаев, аталған мектепті 20 жыл басқарған Мария Хамзақызы және тағы басқалар ұстаздар мен оқушылардың белсенділігі мен зеректігіне ризашылықтарын білдіріп, жақсы тілектерін ақ бата арқылы жеткізді.