КТА ойындарының жоғары лигасына жолдама алды

Primary tabs

Ақп 26, 2019 / 0 комментарии

Жақында ғана Астанада  КТА ойындарының маусымашары өткені белгілі. Сол тапқырлардың дүбірлі додасына Алматы облысы Қарасай ауданының атынан «Үшқоңыр» командасы аттанған болатын.

«Білесің бе, Астананың асқарлығын?

Қолдап келдік Үшқоңырдан Жастар жылын» - деп ұрандатып барған жерлестеріміз, республикалық байқауда жүздіктің ішінен жалындап алға шығып, жоғары лигаға жолдама алған.

Бүгін Шамалған округінің әкімі Ержас Тоқтасынов Сәкен Сариев жетекшілік ететін көңілді тапқырлар командасын арнайы қабылдап, құттықтады. Ел абыройын арттырып, Елбасының жастарға деген сенімін ақтауға барынша атсалысып, тың идея, жаңа көзқараспен тырысып жүрген жерлестерімізге барша шамалғандықтар атынан алғыс айтып, алдағы наурыз айында болатын аламанда сәттілік тіледі.

Ал, өз кезектерінде сөз алған көңілді тапқырлар осындай үлкен бәсекенің қызығы мен қиынын сөз етіп, ауыл әкіміне Астанадан алып келген арнайы дипломдарын тапсырды. Енді ол әкімдік төрінде шамалғандық жас өрендердің жалынды жігері мен жеңіске деген құлшынысын айғақтап тұрмақ.  

Айта кетсек, Сәкен Сариев - Шамалған ауылындағы орта мектептің музыка пәні мұғалімі. Ол осы білім ордасындағы өз еңбек жолында өнерге жақын талай шәкірттің үлкен сахнаға жасқанбай аяқ басуына жәрдемдесіп жүрген жан. Ал, бұл команда құрамында аталған мектептің жоғары сынып оқушыларымен қатар, бітіріп кеткен түлектері де бар. Яғни, олар бүгінде Елбасының кіші Отанының атын абыроймен асқақтату мақсатында күш біріктірген. 

Осылайша, Жастар жылын ауыл жастары жағымды жаңалықтармен бастап жатыр.