Мейірімді жандар мерекесі

Primary tabs

Қар 14, 2019 / 0 комментарии

 Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тәрбиелеп жатқан қамқоршыларды қолдау, олардың санын көбейту бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсат етілген кезекті жиын Жаңашамалған ауылдық округінде өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. 

Аймаққа кіретін алты мектеп бірлесе өткізген, Қамқоршы күніне орайластырылған аудандық семинар «Мейірім толы жүректер» деп аталды. Аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов өз кезегінде шараның маңыздылығына тоқталды. Бас педагогтың сөзіне сүйенсек, қазір аудан бойынша ата-анасының қамқорынсыз қалған 214 бала бар болса, олардың 128-і жетім. Сондай-ақ, 159 адам қамқоршы және қорғаншы ретінде тіркелген. Ал, осындай жиындардың әр аймақта ұйымдастырып өткізудегі басты мақсат – халыққа қолжетімді ақпарат ұсыну. 

Иә, Қазақ халқы әлімсақтан жесірін қаңғытпағаны және жетімін жылатпағаны белгілі. Бүгінде сол дәстүрдің жалғасы ретінде мемлекет тарапынан оларға көңіл бөлініп, түрлі әлеуметтік бағдарламалар ойластырылуда. Дін қызметкерлерінің айтуынша, қорғансызға пана болудың өзіндік сауабы да мол. Бұл жөнінде ауыл имамы жан-жақты әңгімелеп берді.

Семинар аясында сыныптарда ықшам сабақтар өткізілді. Тек бұл жолы парталарға оқушылар емес, үлкендер  жайғасты. Жетімнің көз жасын сүртіп, қарауына алған қамқоршылар тренингтер арқылы тәжірибе алмасты, ой бөлісті. Ал, педагогтар қауымы болса, бұл ретте ата-аналарға бағыт-бағдар беріп, баламен ара-қатынасты жақсарту жолдарын көрсетті. Бұл ретте «Мейірімділік жүректе – қайырымдылық білекте», «Жылы жүрек – тәтті тіл», «Қамқорлық – кең пейіл мекен» сабақтарын атап айтуға болады.

Туған ата-ананың аялы алақанын сезінуден алыс қалса да, жақыным деп тартқан жандардың жылы ұясын мекендеген балалардың мінезінде ұяңдық басым. Дегенмен, қатарынан қалмай, жарқын болашаққа ұмтылған жасөспірімдердің жетістіктері де аз емес. Мысалы, қазақ орта мектебінде 8-сынып оқитын Айбек робототехникамен әуестенеді. Ұстаздарының көмегімен бірнеше жаңа бұйымдар жасап үлгерген. Болашақта ол қамқоршысы – әжесіне үй шаруасына көмектесетін робот құрастыруды армандайды.

Ұйымдастырушылар қамқоршылар мен ерекше тағдырлы балалар арасындағы қарым-қатынасқа көңіл бөлу осындай семинарлармен ғана шектелмейтінін алға тартады. Барлығы аудандық білім бөліміне қарасты қорғаншы және қамқоршы органынының қадағалауында.  Әр алты ай сайын жасалған жұмыстар мен балалардың жай-күйі жан-жақты тексеріліп тұрады.

Семинар мектептің жиынжайында түйінделді. Ерекше безендірілген залға енгендер өзгеше әсерге бөленіп, кішкентай өнерпаздардың концерттік бағдарламасына тәнті болды. Ал, әлеуметтік педагогтар мен психологтар жүргізген ойындар арқылы үлкендердің  санасы сергіп, көңіл күйлері көтерілді. 

  Еске сала кетсек, 2017 жылы Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, Алматы облысының прокуратурасы мен облыстық әкімдік тарапынан «Балалар үйінсіз Жетісу» жобасына қол қойылған болатын.  Күнжәмилә Абдығалиеваның отбасы аталған жобаның ауданымызда жүзеге асқандығын айғақтайды. Ол өзінің ұл-қыздарынан бөлек, бес бірдей жасөспірімді балалар үйінен асырап алған мейірімді жан. Бір жатырда жан бітіп, бір құрсақтан жарық дүниеге шықпаса да, бүгінде оларға бір-бірін туғандай сезінетіндей тәрбие беріп, өсіріп отыр.

Бала асырап алуға немесе қамқоршы болуға ниетті жандар алдымен аудандық білім бөлімінің қорғаншы және қамқоршы органына хабарласуларына болады. 

Осылайша, Анар Болымбекова басшылық ететін Шамалған станциясындағы қазақ орта мектебінің қабырғасында өткен аудандық шара өзінің маңыздылығымен әрі әсерлілігімен есте қалды. Қамқоршылар алғыс хаттармен ынталандырылды. Ал, жиналғандар әрбір шаңырақтың шаттығы шайқалимаса екен, балалар жыламаса екен, айналада мейірімді, жақсы адамдар көп болса екен деген ізгі тілекпен тарқасты...