Тоқаевтың бұйрығымен Қазақстанда екі министрлік қайта құрылды
Primary tabs
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірден екі министрліктің - Денсаулық сақтау, сондай-ақ Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің жұмысын қайта құру туралы жарлыққа қол қойды деп хабарлайды Kaskelen.kz тілшісі.
Президент "Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы" жарлыққа 19 шілде күні қол қойды.
Құжатқа сәйкес, Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және оның тиімділігін арттыру мақсатында келесі министрліктерді қайта құруды тапсырды:
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі - 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап аталмыш министрлікке Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің халықтың көші-қоны саласындағы, сондай-ақ босқындар мәселелері жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері (заңсыз көшіп келудің жолын кесу, заңсыз көшіп келушілердің реадмиссиясы, Қазақстан Республикасынан кетуге және Қазақстан Республикасына келуге визалар беру, халықты және азаматтықты құжаттандыру жөніндегі функциялар мен өкілеттіктерді қоспағанда) беріледі;
Денсаулық сақтау министрлігі - оған Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің медициналық қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты үйлестіру жөніндегі функциялары мен өкілеттіктері беріледі:
2022 жылғы 1 шілдеден бастап қылмыстық-атқару жүйесінің тергеу изоляторларында ұсталатын адамдарға қатысты;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде ұсталатын адамдарға қатысты.
Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.