Тәртіп сақшылары азаматтарды жолда қабылдап жатыр

Primary tabs

Сәу 05, 2019 / 0 комментарии

Бүгін ауданымыз бойынша "Жолда қабылдау" акциясы басталды, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Қарасай аудандық полиция басқармасының қызметкерлері аудандық мәдениет үйінің алдында  азаматтардың көкейінде жүрген сұрақтарына жауап беріп жатыр.

 

Қазіргі таңда – жол қауіпсіздігі қоғамды алаңдатып отырған басты проблемалардың бірі. Осы орайда, «Жолда қабылдау»  акциясы барысында да  жол қозғалысы кезіндегі  қауіпсіздік ережелерін түсіндіру басты назарға алынды. Сонымен қатар, көші-қон заңнамасын сақтауға,  автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәлігін беру, жол қозғалысын ұйымдастыру, көлік құралдарын қайта жабдықтау, әкімшілік құқық бұзушылық үшін айыпұлдарды төлеу бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

Жүргізушілердің  акция өтіп жатқандығынан хабардар болуы үшін жол полициясы қызметкерлері оларды жол бойында да тоқтатып, қоғамдық қабылдауға бағыттап тұрды.

Қоғам мен тәртіп сақшылары арасындағы байланыс алаңын кеңейтуді мақсат тұтқан  тағы бір жолда қабылдау пункті ауданымыздың аумағында орналасқан «Барыс» автокөлік базары маңынан да орын тепті. Мұнда да полиция қызметкерлері тұрғындарға жан-жақты құқықтық кеңес беруде.

Полиция қызметкерлерінің берген мәліметі бойынша, бастапқы 3 сағаттың өзінде 100-ге жуық азаматқа құқықтық кеңес көрсетілген. Акция екі күнге, яғни 5-6 сәуірде жалғасады.