Қазақстан 133 мың мигрантты өз еліне қайтарды
Primary tabs
Пандемияға байланысты Қазақстанда қалып қойған 133 мың мигрант өз еліне оралды. Бұл туралы Сенаттың жалпы отырысында депутат Нұрлан Бекназаров айтты.
Депутаттың айтуынша, пандемия кезінде шекаралар жабылып, мигранттар шектеулерге байланысты Қазақстан аумағынан шыға алмаған. Соған байланысты үкімет арнайы қаулы қабылдап, олардың елде болу мерзімін ұзартқан.
«2021-жылдың қаңтар-ақпан айларында халықаралық көші-қон ұйымымен бірлесіп жүргізілген жұмыс нәтижесінде 133 мың мигрант өз еліне оралды. Өз еркімен кетуден бас тартқан және тергеу органдарынан жасырынған 674 шетел азаматы бес жыл бойы Қазақстан аумағына кіру құқығынсыз сот тәртібімен елден шығарылып, заңсыз көші-қон ұйымдастырғаны үшін 27 қылмыстық іс қозғалған», — деді Нұрлан Бекназаров.
Депутат көші-қон бағдарламасының еліміздің ұлттық қауіпсіздігі мен әлеуметтік-эканомикалық жағдайына тікелей байланысты екенін алға тартты.
Сонымен қатар, бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды.