Қарасай ауданында зираттан өрт шықты
Primary tabs
Қарасай ауданы Қаскелең қаласында зират өртенді деп хабарлайды Kaskelen.kz.
Тұрғындардың айтуы бойынша бұл жағдай бірінші рет емес, әр жыл сайын қайталанады екен.
"Мұндай жағдай бірінші рет орын алып тұрған жоқ. Әр жыл сайын зиратта болатын өрттермен алысамыз. Онымен қоса өрт сөндірушілер өртті сумен емес, басқа құрал-жабдықтармен (хлопушка) өшіруде. Бұл жағдайды қалай түсінеміз ?"-, деп жан айқайын айтқан қаскелеңдік келесі кезекте өрттің тұрғын үйлерге де жетуі мүмкін екенін айтып, өкпесін білдірді. Оған себеп зират қасындағы құрғақ ағаштар көрінеді.
"Қарасай ауданының әкімдігінен назар аударуын сұраймыз. Зираттың қасында құрғақ ағаштар өсіп тұр. Қанша айтсақ та алып тастамады. Егер өрт мына ағаштарға жетсе, үйлер де өртенеді. Себебі ағаштардың артында тұрғын үйлер бар. Өрт қатты жанып жатыр. Кем дегенде 50 % зират қазірдің өзінде өртеніп кетті"- дейді ол.
Болған жағдайға қатысты Алматы облысы төтенше жағдайлар қызметі пікір білдірді:
"Ағымдағы жылдың 6 шілдесінде, сағат 20:23 те Қаскелең қаласында қабір жанындағы құрғақ шөптердің өртенгені туралы хабарлама келіп түсті. Өртті сағат 21:42 де Қаскелең қалалық өрт сөндіру мекемесінің ФК-9 жеке құрамы толығымен өшірді. Жалпы 2 гектар жер сөндірілді"
Kaskelen.kz редакциясының Instagram парақшасында да тұрғындар пікір білдірді. Бірі өрт сөндірушілерге алғысын айтса, енді бірі сынап, өрттің неден шыққанын талқылап әлек болды.
"Зират өзімен-өзі өртенбейді, біреу әдейі жасайды. Мен бір емес бірнеше рет кеш қарайғанда ойнап жүретін балалар мен жасөспірімдерді көрдім.", "Әр жыл сайын осы", "Өрт сөндірушілерге алғысым шексіз. Өрт ағаштарға, одан кейін тұрғын үйлерге жете ме деп ойлап едім".