Қарағандылық келіншек өзін адвокат ретінде таныстырып, миллиондап ақша тапқан

Primary tabs

Мамыр 06, 2021 / 0 комментарии

Қарағандыда алаяқ өзін адвокат ретінде таныстырып, алты миллион теңгеге жуық ақша тапқан деп хабарлайды Polisia.kz. 

Басылым ұсынған ақпаратқа сәйкес, Қарағанды қаласы полиция басқармасы Октябрь полиция бөлімінің қызметкерлері мереке күндері алаяқтықтың жеті фактісін анықтаған.

1 мамырда Октябрь полиция бөліміне 34 жастағы қала тұрғыны хабарласып, белгілі бір әйел несие алуға көмектесуді сылтауратып, 25 мың теңгені иемденіп кеткені туралы айтып шағымданған.

Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде криминалдық полиция қызметкерлері 39 жастағы әйелді анықтап, қолға түсірді.

Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы ("Алаяқтық") бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің осыған ұқсас тағы алты қылмысқа қатысы бары анықталды. Ол несие алу кезіндегі “қызметтерді” ғана емес, мүгедектік алуға медициналық анықтамаларды да жасап отырған. 

Сонымен қатар, ол тиісті білімі болмаса да, өзін адвокат ретінде ұсынған.

"Мысалы, ол 39 жастағы ер адамды оған заңгерлік көмек көрсете алатындығына сендіріп, жәбірленушіден шамамен 4,5 миллион теңге алған. Оның 32 жасар қарағандылық әйелге ипотекалық несие алудағы “көмегі” 375 мың теңге көлемінде шығын келтірген. Жалпы алаяқ жәбірленушілерге шамамен алты миллион теңге көлемінде шығын келтірді", - делінген хабарламада.