Қарағанды облысында дала өртін сөндіруге мыңға жуық адам жұмылдырылды

Primary tabs

Шлд 07, 2021 / 0 комментарии

Қарағанды облысында дала өрттері сөндіріліп жатыр. 7 шілдедегі жағдай бойынша 24 өрт ошағы бақылауға алынды. Оның ішінде екі дала өрті мен 14 өрт сөндірілді деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Қарағанды облысы ТЖД баспасөз қызметінің мәліметінше, өрттерді сөндіруге мыңға жуық адам мен 184 техника жұмылдырылған. Ұлытау ауданындағы Жангелді және Ақтас ауылдық округтерінде құтқарушылар өртпен күресуді жалғастыруда. Табиғи апатты жоюға 370 адам мен 45 техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, осыған дейін Ұлытау ауданының Жангелді, Ақтас, Амангелді үш ауылдық округінде дала табиғи өрттері болуына байланысты төтенше жағдай режимі жарияланғанын жазған едік.

"Өрт далаға тарауда. Қазіргі уақытта ауылдар зардап шеккен жоқ. Жағдай Қарағанды облысы төтенше жағдайлар департаментінің тұрақты бақылауында. Өртті жою бойынша операцияны басқару төтенше жағдайлар болып жатқан ауданға келіп жеткен облыс әкімінің орынбасары Серік Шайдаровқа тапсырылды. Малы қырылған немесе жайылымдары өртеніп кеткен фермерлердің залалын бағалау жөнінде комиссия құрылды", - делінген облыс әкімдігі таратқан хабарламада. 

Ұлытау ауданының үш округіндегі дала өрттерін жоюға 216 адам және 28 бірлік техника тартылды. Облыс әкімі жағдайды жеке бақылауда ұстап отыр. Еске сала кетсек, осыған дейін Қарағанды облысының Ұлытау ауданында бір тәулік ішінде жалпы ауданы 368 гектар болатын құрғақ шөп жануының 10 оқиғасы тіркелгенін де жазған едік.