Қаскелеңдегі Мәңгілік алауға күзет қойылады

Primary tabs

Сәу 22, 2019 / 0 комментарии

Редакциямызға Қаскелең қаласының орталығында, дәлірек айтсақ аудан әкімдігіне қарама-қарсы орналасқан  ескерткіштің жағдайына алаңдаған оқырманнан видео келіп түскен еді. Бейнежазбада Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарымызға арналған ескерткішті қорлағандардың іс-әрекеті  мен  қан майданда от кешкен ата-бабаларымыздың  рухын сыйламай, тарихты елемеген бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне сын айтылды. Дәлірек айтсақ, мәңгілік алаудың маңын бүлдіріп, ескерткішке бейәдеп сөздер жазылған.

Осы бейнежазба әлеуметтік желілерде кең тарала бастады.   Атқамінерлердің назарына да жеткен болуы керек. Әкімдік дереу іске кірісіп, ескерткішті қалпына келтіру туралы тапсырма беріпті.

Біздің түсірілім тобы да орталық алаңға арнайы барып, мән-жайға қанығуды жөн көрді.  Оқиға орнына біз келгенде, әлі де қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, айналасы тазартылып, гүл егіліп жатыр екен.

Сонымен қатар, Қаскелең қаласының әкімі Асқар Мұқашевтың айтуынша, ескерткішке жуық арада күзет қою мәселесі де қарастырылып жатыр екен.

 

Ерлігі ерен ерлерге арналған ескерткіш тазаланып, жөнделіп болғаны сол еді,   велосипед мінген балалар мәңгілік алауға қоқыс тастап, отпен ойнаса, енді біреулері ескерткіштің үстіне шығып жүр.  

Осы ретте айтарымыз, тәрбие - тал бесіктен, ал мәдениеттілік – өзімізден басталады. Тарихи ескерткіштерімізді қорлауға жол бермей, қасиетті бабаларымыздың аруағын сыйлап, тарихымызды құрметтеуді  өсіп келе жатқан жас ұрпақтың   санасына сіңіруді   отбасынан бастау керек-ақ...