Қаскелеңде инсульт орталығы ашылмақ

Primary tabs

Қар 05, 2019 / 0 комментарии

Қарасай аудандық ауруханада инсульт орталығы ашылады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

Дәрігерлер мұнда жыл санап халыққа медициналық көмек көрсету ауқымы кеңейіп келе жатқандығын алға тартады. Сапалы әрі жедел қызмет ұсыну мақсатында жаңа, заманауи қондырғылар орнатылған. Іс барысында цифрландыруға, электронды басқаруға басымдық берілген. Ал, 2020 жылдан бастап, ауданымыздың ақ желеңділері аурухана жанынан инсульт орталығын ашуды жоспарлап отыр. 

Бұл мақсатты жүзеге асыруға биыл тамыз айында ғана мекемеге орнатылған компьютерлік томограф аппараты көмектеспек. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен жеткізілген соңғы үлгідегі қондырғы ағзаның барлық бөлімдері мен жүйелеріне зерттеуді жүргізуге мүмкіндік береді.

 Қондырғының негізгі артықшылығы – ол түсірілген ағзаны 128 бөлікке бөліп көрсетіп, сол арқылы жан-жақты зерттеп, дұрыс диагноз қоюға, асқынудың алдын алуға септігін тигізеді. Яғни, дәрігер компьютер арқылы бұлшық етте, сүйекте, тамыр жүйесінде қандай өзгерістер барын жылдам анықтай алады. 

Бүгінгі таңда қондырғының көмегімен дәрігерлер

•      1. Бас, ми бөліктерін толықттай зерттеу, 

•      2. Мойын тұсын зерттеу 

•      3.Буынды зерттеу 

•      4. Көкірек қуысын зерттеу 

•      5. Іш – құрылысы  мүшелерін зерттеу 

•      6. Омыртқаны зерттеу 

•      7. Сүйек жүйесін зерттеу 

•      8. Тамырды зерттеумен қатар, пункция және биопсия талдамалары да жүргізе алады. 

Бұған дейін барлық осы қызметтер үшін аудандық емдеу мекемесіне келген науқастарға Алматы қаласындағы көпсалалы облыстық ауруханаға жолдама берілетін. Қазіргі таңда қондырғы арқылы дәрігерлердің әрбір сәтті тиімді пайдаланып, сырқаттанған адамға жедел қызмет көрсету мүмкіндігі арта түсті.   

Шұғыл жеткізілген науқастар мен әлеуметтік осал топ тізіміне енген тұрғындардан басқа адамдарға компютерлік томогроф аппараты аппараты арқылы тексеруден өту ақылы. Бірақ, халыққа медициналық көмекті қолжетімді қылу үшін, мұнда Алматы облысы бойынша ең төменгі төлем белгіленген. Яғни, денсаулығына алаңдаған науқастар немесе профилактикалық тексеруден өткісі келетін жандар Қарасай аудандық орталық ауруханадан небары 7500 теңгеге қондырғы көмегіне жүгіне алады. 

Сүт безі обыры әйелдердегі қатерлі ісіктің жалпы құрылымында І орын алады. Осыған орай, онколог және маммолог мамандар 40 жастан асқан әйелдердің барлығына жыл сайын алдын-ала тексеруден өтуге ұсыным жасайды. Бұл ретте, скриннинг ретінде маммография әдісі қолданылады.  Ол қатерлі дертті бастапқы кезеңдерде айқындауға мүмкіндік береді. 

Қарасай аудандық ауруханасында да бұл мақсаттағы жұмыстар жүйелі жолға қойылған. Биыл бұрынғыға қосымша, мекемеге замануи қондырғы орнатылды. 

Осылайша, клиникалық-диагностикалық аппараттардың көмегімен қызмет ауқымы кеңейе түскен аудандық аурухана ақ желеңділері  алда да көп жаңашылдықтарды іс барысына әкелеміз деп отыр. Себебі, дені сау ұлт – мемлекеттің басты байлығы екені анық.