Әлеуметтік желі әкелер зиян көп

Primary tabs

Қар 11, 2018 / 0 комментарии

АҚШ-тағы Пенсильвания университетінің ғылыми қызметкерлері әлеуметтік желінің адамға тигізер әсері жайлы арнайы зерттеу жүргізіп, қорытындысын Journal of Social and Clinical Psychology журналына жариялады. Ғалымдардың пайымдауынша, әлеу-желіде көп уақыт өткізу жалғыздық сезімін тудырып, депрессияға алып келетін көрінеді.

Экспериментке 143 студент, яғни, Facebook, Instagram және Snapchat желісінің белсенді қолданушылары қатысқан. Жастарды екі топқа бөлген: бірінші топтағы студенттер әлеуметтік желіде бұрынғыша көп уақыт өткізеді, ал екінші топтағылар тәулігіне жарты сағаттан көп уақыт жұмсамайды.

Үш аптадан кейін олар жеті көрсеткіш негізінде сауалнама толтырады. Атап айтқанда, әлеуметтік қолдау, ортаңнан қалып қою қорқынышы, жалғыздық, беймазалық, депрессия, өз-өзіңді бағалау және өз-өзіңді қабылдау бойынша .

Белгілі болғандай, бірінші топтағы жастар сынақ кезінде жалғыздық пен депрессияны әлеуметтік желіде күніне жарты сағат отырғандармен салыстырғанда қаттырақ сезінген.

Кейбір сарапшылардың айтуынша, Instagram-ды ақтарып отырған адам бейсаналы түрде өзін басқалармен салыстырып, олар өзінен жақсы өмір сүретін секілді көрінеді. Сондықтан, телефонға телміре берудің шегін орнатуды ұмытпаңыз!