Қайтыс болған актриса қаскелеңдік жігіттің көлігінде отырған
Primary tabs
Жаңа жыл қарсаңында Алматыда болған көлік апатынан елімізге танымал актриса Шолпан Елгезекова және оның құрбысы мен көлік жүргізушісі қаза тапқаны барлық БАҚ-та жарыса жазылған болатын.
Кейіннен темір тұлпар тізгінін ұстаған Бақытнұр Қанапияұлының Қаскелең қаласындағы білім мекемелерінің бірінде ұстаздық еткені анықталды. Kaskelenkz тілшісі марқұм төрт жылдай жұмыс істеген А.С.Пушкин мектебінің директоры Айгүл Қанатқызымен сұхбаттасып, мән-жайға қанықты.
Белгілі болғандай, Бақытнұр Қанапияұлы аталған мектепте бірнеше жыл дене шынықтыру пәнінен сабақ беріп, өзін білікті педагог ретінде көрсете білген. Оның шәкірттері түрлі байқауларда бақ сынап, ұстаздың беделін, мектептің абыройын арттыра білген. «Ол бес уақыт намазын оқыған өте иманды, ақкөңіл, адал жан еді. 1985 жылғы жігіт, тіпті отбасын да құра алмай өмірден ерте озып кетті. Біздің ұжым оның отбасының қайғысына ортақтасып, жан-жақты қолдау көрсетуде. Жаназасына жәрдем бердік, енді, құлыптасын жасатып қойдық» - деп есіне алды марқұмның бұрынғы бастығы.
Бұрынғы дейтініміз, осы жаз айында жас педагог өз жұмысын ауыстыруға бел шешіп, «Аяжан» медициналық колледжіне ауысқан деген ақпарат бар. Ал, сол күні қарапайым ұстаз танымал актрисаның жанында қайдан табылды? Бұл сауалға алған жауабымыздан белгілі болғаны, ол мереке алдында жеке көлігімен аздаған нәпақа табуды жоспарлап, такси ретінде адам тасымалымен айналысқан. Сол кезде осындай қайғылы жағдай орын алған. Тағы бір деректерге сүйенсек, Бақытнұр Қанапияұлы бірнеше жыл бұрын Қытайдан қоныс аударған. Жақындары сол жақта көрінеді. Қазіргі таңда шекараның арғы бетіндегі туысқандарына шақырту жіберілген.
Kaskelenkz ұжымы да марқұмның жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтады.