Ақынмен рухани кездесу

Primary tabs

Сәу 30, 2019 / 0 комментарии

 Қаскелең Гуманитарлы-Техникалық колледжінің студенттері белгілі ақын Серік Қалиевпен кездесті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

«Мақал-мәтелдер» жинағының авторы және Қарасай аудандық тарихи-өлкетану мұражайының директоры, Серік Мақұлбекұлымен жүздесуге ауданымызда білім алып жатқан бірқатар мектеп мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Шараны Қазақстан Білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, Қарасай ауданының құрметті азаматы, Қаскелең Гуманитарлы-Техникалық колледжінің құрылтайшысы Несіпбала Абенқызы ашып берді. Ол өз сөзінде ақын шығармашылығымен таныс екенін және өлеңдерінде терең мағына, тәрбие, өнеге бар екенін айтып, шығармашылық табыс тіледі. Содан соң Серік Мақұлбекұлы өз өмірі мен шығармашылығы туралы студенттер мен оқушыларға кеңінен баяндады және өз өлеңдерін оқыды, мақал-мәтелдердің мағыналары мен мазмұнын ашып берді. Кездесу барысында колледждің қазақ тілі және әдебиет пәні оқытушысы Касимова Шынарай залда отырған оқушылар мен студенттер арасында мақал-мәтел сайысын ұйымдастырды және сайысқа белсенді қатысқан оқушыларға сыйлықтар табысталды. Ұйымдастырушылардың сөзінше, кездесуге келген оқушылар ақын шығармашылығынан сусындап, мақал-мәтелдерді өмірде дұрыс қолдануды үйренді, рухани ләззат алып қайтты. Соңында директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Светлана Сауменқызы ақынға колледж ұжымы атынан алғыс білдіріп, шығармашылық табыс тіледі.