Қаскелең музейі

Primary tabs

Сәу 11, 2018 / 0 комментарии

Қарасай ауданы музейінің келесі залы Нұрсұлтан Әбішұлының ер жетіп, есейіп, еңбекке араласқан кезеңінен елес береді. Осы залдың бір витринасы Нұрсұлтан Әбішұлының сол кезеңдегі өмір жолына арналып, комбинатта жұмыс істеген кезінен суреттері ілінген. Еліміздің тәуелсіздігіне 10 жыл толуына орай Алматы жолаушылар таситын автопарк ұжымы сыйға тартқан Елбасының бейнесімен тоқылған кілем төрдің басынан орын алған.

Келесі витринада Теміртау тақырыбын жалғастыра отырып, металлургия комбинатының жұмыс костюмін, бас киімін, қорғаныш бас киімдерін көруге болады. Ары қарай, витринада Елбасына берілген мәртебелер жинақталған. Атап айтсақ, «Алматы облысының құрметті азаматы», «Қызылорда облысының құрметті азаматы» және «Қарасай ауданының құрметті азаматы» деген куәліктер мен медаль-значоктары қойылған. Осы витриналардың жоғарғы жағындағы стендте Нұрсұлтан Әбішұлы 1984 жылы Республика Министрлер кеңесінің төрағасы болған кездегі фотосуреттері, белгілі қайраткер Д. Қонаевтың суреттері ілінген.

ҚР Тұңғыш Президенті залына біздің келушілер ерекше қызығушылық танытады, өйткені мұнда Тұңғыш Президентке әр көздерде басқа мемлекет басшыларынан сыйға тартылған сыйлықтары жинақталған. Елбасының бейнесімен құйылған фарфор ваза Өзбекстан Президенті Ислам Каримовтың сыйлығы және үндістердің қасиетті түтігі қойылған витрина экспозицияны жалғастырады.

 

1995 жылы 29-сәуірде өткізілген референдумда сайлаушылардың 95,46% Н. Назарбаевтың өкілеттілігін 2000 жылдың 1-желтоқсанына дейін ұзарту жөнінде пікір білдірді. Сол кезеңдерді бейнелейтін фотосуреттер залдың сол жағында ілінген стендте көрсетілген. Және де 2005 жылғы 4-желтоқсандағы сайлау барысында 91,15% дауыспен Нұрсұлтан Әбішұлы обсалютті жеңіске жеткеніне де тарих куә. Сол жеңіске жету сәті мен Елбасының Ант беру рәсімі кезіндегі фотосуреттері, ҚР Президентінің Анты ілінген.

Сайлау кезіндегі үгіт-насихат жүргізу брошюралары, кітаптар қойылған.
Келесі витринада ғарышкер Талғат Мұсабаев сыйға тартқан қолғап пен космосқа барып қайтқан еліміздің байрағы мен қазақ жері салынған капсула қойылған. Одан әрі «Нұрсұлтан Әбішұлы мен Сара Алпысқызы Назарбаевтар» скульптурасы экспозицияны жалғастырады. Скульптураның авторы - В.А. Чепелик.

 

Әрі қарай «Нұрсұлтан Назарбаев – қазақ елінің негізін қалаған көшбасшы», - деп аталған витринада ғарышкерлер Т. Мұсабаевпен және Т. Әубәкіровпен бірге түскен фотосуреті, ұлттық валютамыздың енгізілуі туралы жарлығы мен фотосуреті, Семей ядролық полигонын жабу туралы жарлығы мен фотосуреті, 2010 жылы ОБСЕ-ге төрағалық еткен кездегі фотосуреті, ҚР Қарулы күштерінің фотосуреттері ілінген. Және жер сілкінісін бақылайтын құрал «Геофон» макеті, академик Қ. Сәтпаевқа арналған медаль, Нұрсұлтан Әбішұлының еңбектері жинақталған. Олар, «Қазақстан – 2030», «Еуразия жүрегінде», «Эпицентр мира», «Ғасырлар тоғысында» және «Сындарлы он жыл».

 

2000 жылы Ресей Федерациясының қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Рушайло сыйлаған табиғи тас пен қоладан жасалған үстел сағаты да көрерменнің назарын өзіне аударады. Ал, «Тройцк маңайы» деп аталатын, табиғи тастардың үгіндісінен жасалған, осы қаланың бір әдемі ауласы бейнеленген картина адамға керемет әсер беретіні сөзсіз және «Зубр» мүсіні де келушілердің қызығушылығын арттырады. Бұл дүниелер Белорусия Республикасының Президенті А. Лукашенконың сыйлықтары.

Музейдің құнды экспонаты - Нұрсұлтан Әбішұлының өз қолымен сыйға тартқан өзін-өзі жеген айдаһар мүсіні де осы залға қойылған. Ол – «өмір шексіз, өмір бітпейді ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді» деген мағына береді.

Елбасының Қарасай ауданына келген сәттері бейнеленген фотосуреттері, аудан картасы, ауданның атауын өзгерту туралы Елбасының үкімі ілінген стендтер «Қарасай ауданының бүгінгі күнгі жетістіктері» деп аталатын залдың бастауы болып келеді. Бүгінгі күні бой көтеріп, елге қызмет көрсетіп келе жатқан мекемелердің, ауданның мәдени-ағарту жұмыстарынан елес беретін суреттер және спорттағы жетістіктерінен, аудан спортшыларының фотосуреттері, сыйлықтары мен медальдары жинақталған.

Ақпарат көзі: kk.wikipedia.org

Автор: Жания КОШПАН