"Үшқоңыр" спорт кешенінде үлкен жарыс өтті

Primary tabs

Ақп 22, 2021 / 0 комментарии

Шамалғанда "Үшқоңыр" волейбол турнирі өтті, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі.

Елбасы туған жеріне тарту еткен «Үшқоңыр» спорт кешені екі жылдан бері табысты жұмыс істеп, ауылдың жасөспірімдері мен жастарын салауатты өмір салтына баулуда. Міне, 19-20 ақпан аралығында өткізілген ерлер арасындағы "Үшқоңыр" волейбол турнирінің де мақсаты осыған саяды. Карантин талаптарын сақтай отырып, республикамыздың әр өңірінде, әр салада қызмет ететін спортсүйер азаматтарымыздың басын жарыс алаңында тоғыстыру болатын.

 


Бұл бастама әкімдіктер тарапынан да жақсы қолдау тапты. Еліміздің 12 облысынан 12 команда жиналып, екі күнге созылған сайыс тартысты өтті.

Осы сайысқа Мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасының киокушинкай-кан каратэден Ұлттық федерациясының Президенті - Өксікбаев Омархан Нұртайұлы, Қазақстан Республикасының мәдениет және спорт министрлігінің спорт істері комитетінің төрағасы, Лондон Олимпиадасының чемпионы - Сапиев Серік Жұманғалиұлы, Алматы облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы, Пекин Олимпиадасының күміс жүлдегері - Теңізбаев Нұрбахыт Молдахметұлы секілді спорт саласына еңбегі сіңген азаматтар келіп, құрметті қонақ болды. Спорт кешенінің директоры Дәурен Төлеген оларға мектептің тыныс-тіршілігін, сондай-ақ алдағы уақытта жүзеге асатын жоспарларын таныстырды.

Нәтижесінде, жылдамдығымен әрі шеберлігімен басым түскен Алматы қаласының ҰҚК академиясы жасақтаған "Шекара" командасы І орынды иеленіп, 300 000 теңге ақшалай сыйлықты қанжығаларына байлады. Сондай-ақ, ІІ орынға да мегаполистен келген «Ынтымақ» командасы табан тіреп, 200 000 тг ұтып алды. ІІІ орынға сонау Шығыс Қазақстаннан ат терлетіп жеткен "Барақ батыр" командасы тұрақтап, 100 000 тг иеленді.
Сол сияқты 4 орынға тігілген 80 000 теңгені шығыстық "Тарбағатай" командасы жеңіп алды.
Осылайша, "Үшқоңыр" волейбол турнирі жай ғана жарыс емес, әр облыс жастарын таныстырған, достастырған ерекше басқосу болды деуге негіз бар.