Елбасы бүгін Шамалғанға келіп спорт кешенін ашты
Главные вкладки
Бүгін Шамаған ауылында әмбебап спорт кешені ашылды. Ашылу салтанатына Нұрсұлтан Назарбаев арнайы қатысты, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елбасы өңірдің барша тұрғындарын «Үшқоңыр» спорт кешенінің ашылуымен құттықтап, бой көтерген нысанның жастарды тәрбиелеу және дене шынықтыру ісіндегі маңызын атап өтті. – Біз бүгін аудандағы бірегей спорт кешенін аштық. Дені саудың – жаны сау. Қазіргі заманда дені сау адам ғана табысқа жетеді. Сондықтан, біз бұл нысанды жастарымыз үшін арнайы салдық, – деді Қазақстанның Тұңғыш Президенті.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерде әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту үшін «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталды. – Біздің балалық шағымызда спортпен шұғылдану үшін мұндай жағдай болмады. Ал, қазір жастар үшін барлық мүмкіндік бар. Көптеген табысты азаматтарымыз туған ауылы мен аудандарына қолдау көрсетеді деп ойлаймын. Жаңа спорт кешенінде жаттығатындардың арасынан болашақ чемпиондар шығады деп сенемін. Менің отбасым және жақындарым осы спорт кешенін арнайы сіздердің игіліктеріңіз үшін салды. Сіздерге зор денсаулық, амандық және бақ-береке тілеймін. Баршаңызды тағы да спорт кешенінің ашылуымен құттықтаймын! – деді Елбасы.
Спорт кешенінде 1000 жанкүйер орындығы бар футбол стадионы, 2 жүзу бассейні, 16 спорт түріне арналған жаттығу залдары, үлкен теннис корты және басқа да спорттық инфрақұрылымдар бар.
Жалпы аумағы 6 гектар. Мұнда спортпен шұғылдануға ниетті 1800 адамға 46 жаттықтырушы қызмет көрсететін болады.