Қарасайлық аналар да аудандық әкімдікке жиналды
Главные вкладки
Астанада болған қайғылы жағдайдан соң, әр өңірде көп балалы аналар бас көтеріп, өз талаптарын билікке басып-басып айтып жатқаны белгілі.Бүгін Қарасай ауданының бір топ Алтын және Күміс алқа иегерлері аудандық әкімдік алдына жиналды. Журналистерді шақырып, өз өтініштерін жоғары жаққа жеткізгісі келген нәзік жандыларды аудан әкімі Жандарбек Далабаев аудан әкімдігінің мәжіліс залында қабылдады. Жиынға тиісті мекеме басшылары мен барлық округ әкімдері де қатысып отырды.
Ауданда 6828 көп балалы ана ресми түрде тіркелсе, бұл бас қосуға олардың екі жүзге жуығы келген көрінеді. Барлығының ойы ортақ, талаптары бір. Ең алдымен әлеуметтік жәрдемақының өскенін, сонымен қатар көп балалы ана ретінде жол ақысының арзандатылғанын қалайды. Әсіресе, бірнеше баласымен көрінгеннің үйін жалдап, пана қылып жүргендер шағын болса да өз шаңырақтарының болуын қалайды. Осы мақсатта аудан басшысынан көмек сұрады.
Жиынға жағдайлары тіптен төмендеп, ішерге ас табылмай қалғандығын кеткендігін айтып мұңын шаққан аналар да болды. Солардың бірі Бірінші Май округінің тұрғыны еді. Оған сол жерде аналар қалталарынан шамаларына қарай қаражат шығарып жинақтап берген. Оған округ әкімдігі де өз үлестерін қосып, сол күні-ақ, көп балалы ананың үйіне азық-түлік жеткізілді.Сонымен қатар, кей сұрақтар мектеп үйірмелеріне, балабақшаларға, «Оңай» билеттеріне байланысты болды.
Өз кезегінде Жандарбек Ермекұлы қазіргі кезде арнайы жұмыс тобы құрылып, нақты істерді қолға алғанын айтты. Сонымен қатар, айтылған барлық мәселелерді назарға алып, тиісті округ әкімдері мен мекеме басшыларына тапсырмалар берді. Ашуға мініп, айқайға басқан аналарды сабырға шақырып, барлық проблема кезең-кезеңмен шешілетінін сөз етті.
Барлық көп балалы отбасыларына жеке-жеке жететінін, өзі де бұл сұрақтардың тезірек шешілуіне мүдделі екенін мәлімдеді.