Қарасай ауданындағы "Өлім жолы"

Главные вкладки

Май 08, 2019 / 0 комментарии

Ауданымызға қарасты Шамалған бекетінінің бір бөлігінен екіншісіне өту үшін тұрғындар таңертең және кешке кептелісте сағаттап тұрады, деп хабарлайды Kaskelenkz тілшісі. Бұған осы  жердегі   темір жолы мен жиі жүретін поездар себеп дейді.

Тұрғындардың айтуынша, олар бұл мәселеге қатысты бұрын да  тиісті органдарға хат жазып,   жыл сайын әкімдердің есеп беру жиындарында да айтып жүр екен.  Алайда, атқамінерлер  қарапайым халықтың мұң-талабын осы күнге дейін елемей келеді.

Екі минуттық жолды еңсеру үшін бірнеше сағат тұратын қара халық бұл жерге жерүсті көпір салынса, проблема шешілер еді дейді.  

Бірнеше километрге созылатын мұндай кептеліс таңертен  сағат 4-пен 7-нің ортасында, сосын кешкі 20.00 мен 22.00-дің аралығында  орын алады. Салдарынан ауыл тұрғындары діттеген жерлеріне кешігіп  жетеді.  Әсіресе, Алматы мен Қаскелеңде жұмыс істейтіндер  шаршап келе жатқанда, сағаттап жолда тұруға мәжбүр. Арада қатынайтын оқушыларға да қиын, баласы мектептен келгенше ата-аналары алаңдап отырады. Шақырған  жедел жәрдеміңіз де тез жетуі екіталай. Ұзын сонар кептелісте тұрып жүйкесі тозғандар теміржол шлагбаумы жабылғанына қарамастан, өмірлеріне қауіп төне тұра, елді мекеннің   арғы бетіне өтіп кетуге тырысады.

Жергілікті тұрғындар теміржол өтіп жатқан аумақты «өлім жолы» деп атайды екен. Себебі, бұл  өткел тек көліктер үшін ғана емес, жаяу жүргіншілер үшін де қауіпті. Мәселен, былтырдың өзінде мұнда екі адам қаза тапқан. Биыл әзірге осы іспетті қайғылы оқиға тіркелген жоқ. Ендігі кезекте, жергілікті билік жаңашамалғандықтардың жанайқайына құлақ түріп, жақын арада теміржол өткелінің үстінен көпір салып береді деп үміттенеміз.