Аудан әкімі ауыл тұрғындарының мәселесін шешуге уәде берді

Primary tabs

Қаң 17, 2019 / 0 комментарии

Елбасының жарлығына сәйкес, қазіргі уақытта барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп беруде. Бүгін Қарасай ауданының әкімі Жандарбек Далабаев тұрғындармен дәл осындай есепті жиындарын Шамалған ауылдық округінен бастады. Елбасының туған өлкесіндегі қазақ орта мектебінде өткен есепті кездесуге халық көп жиналды. Білім ошағының фойесінде ұйымдастырылған көрмені тамашалау арқылы округтің экономикалық ілгерілеуінен хабардар болған Жандарбек Ермекұлы өткен жылы атқарылған ауқымды істі алға тартып, барлық салада жетістіктер бар екенін жеткізді.  

Жалпы, жыл басындағы бұл алқалы бас қосуды жұртшылық асыға күтетіні жасырын емес. Себебі, өзгелер шешімін тауып бермеген өзекті мәселелерін көпшілік ауданның бірінші басшысына тікелей айтуға асығады. Былтыр осындай барлық деңгейдегі әкімдердің есебі кезінде барлығы 42 тілек-өтініш назарға алынып, жүзеге асырылған. Биыл да шамалғандықтар берілген мүмкіндікті мүлт жібергісі келмегендей, бірқатар күрделі мәселелерді көлденең тартты.

Атап айтқанда, жаңадан үйлер түсіп жатқан аумақты мекендейтін Баян Оразғалиева ауыз суға жауапты «Таусамалы» ЖШС-нің неліктен тұрғындар өз үйлеріне тартып алған суы үшін әр үйден 110 мың теңге ақша талап етіп отырғанын сұрады. Сонымен қатар, ауылды көгілдір отынмен қамтитын "Сигма" ЖШС-нің газ үшін алатын ақшасы тым көп екенін алға тартты.

Бұдан бөлек, Ферихат Бачиева ауылдық аурухананың көңілден шықпайтын тұстарын тілге тиек етіп, жедел жәрдемді де сынға алды.

-         Ауруханаға қанша қатты ауырып тұрсаң да жатқызбайды. Себебі, Қаскелеңге қарайды екен. Талдама тапсыру да ақылы боп кетті. Кейбір мамандар тіптен жоқ, бәрібір сандалып қалаға барамыз. Аурухана іші әбден ескірген, төсек орындары да жаңаланбаған. Жедел жәрдемге тіптен сенім жоқ. Осының барлығына көңіл бөліп, кемшіліктерді түзетсеңіздер екен, - деді тұрғын өз сөзінде.

Аудан әкімі Ж.Далабаев барлығын мұқият тыңдап, жауап беру үшін тиісті бөлім, мекеме өкілдерін орындарынан тұрғызды. «Таусамалы» ЖШС-нің басшысы Б.Айнабеков аталған қаражат су ағынын күшейту үшін қажеттігін айтып, әкім тапсырмасына сай халықтың барлық сұрағына аудандық газет арқылы жауап беруге уәде етті. Ал, ауданның бас дәрігері  Е.Сәрсенбаев аудан халқының көптігіне қарамастан медициналық көмек беру мәселесіне барынша көңіл бөлінетінін айтып, сын-ескертпелерді назарға алатынын жеткізді. Сондай-ақ, «Сигма» ЖШС-нің өкілі өз сөзінде көгілдір отынға алынатын төлемнің мөлшерін монополияға қарсы комитет бекітіп бергенін, газ тарифі биылдан 20 пайыз арзандағанын мәлімдеді. Бірақ, аудан басшысы басқа да шешімін таппаған сұрақтар бар екенін айтып, мекемені сынның астына алды.

Қорыта келе, Жандарбек Ермекұлы шамалғандықтармен бір айдан соң қайта жүздесіп, барлық назарға алынған мәселелерді мүмкіндігінше шешетінін сөз етті. Жиынға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Рустам Алпысбаев та қатысып отырды.