Бір жарым ғасырлық тарихы бар мектеп
Primary tabs
Алматы облысы Қарасай ауданының орталығы Қаскелеңде орналасқан Виссарион Белинский атындағы мектептің тамырлы тарихы сонау 1867 жылдан басталады. Сол жылдары Ананий Бунин есімді адам кішкентай ғимарат ішінен мектеп ашып, балаларды оқыта бастайды. Оны ғимарат деп те атауға келмейтін, кәдімгі қалқайған үй еді. Бірақ білім алуға деген ел-жұрттың ынта-ықыласына бұл бөгет болмайды. Алғашқы ресми мектеп ғимараты отставкадағы губерниялық хатшы Кудриннің көмегімен 1889 жылы салынып, білім қуған балалар мен мұғалімдердің тынысы кеңейеді. Тұла бойы тарихқа тұнған ғимарат қазірге дейін сақталған, онда бұл күндері аудандық музей орналасыпты. Мектептегі педагогикалық білімі бар, алғашқы сауатты ұстаз З.Колчин деген азамат екен. Кейін ол кісі мектептің директоры болып та қызмет еткен. Қаскелең халқының саны артқан соң 1930-36 жылдары колхоз жастарының мектебі деп аталатын ғимарат ескіріп, бір жағынан оқушылар мен ұстаздар қауымы үшін тарлық ете бастайды. Осыдан соң екінші ғимарат бой көтеріп, мектеп ұжымы сонда көшірілген. Аталған ғимарат Қаскелең қаласының қазіргі Ә.Өмірәлі мен Ж.Аймауытов көшелерінің қиылысында тұр. Ғасырдан астам уақыт бойы жергілікті жұрттың сауатын ашуға сеп болып, тарихтан сыр шертіп келе жатқан шежірелі оқу ордасы, қазіргі кезде облыстағы ғана емес, республикадағы маңдай алды мектеп саналады. «Ұжымның қай жағынан да мақтанып айтар жетістіктері баршылық. Мектептің мәртебесін біз әр кез биік ұстауға дайынбыз»- дейді мектеп директоры Айгүл Кемпірбаева.
Қазіргі таңда мектепте 2493 бала оқиды. Оларға 150 мұғалім сабақ береді. Мекеме Қазақстан бойынша қолға алынған білім жүйесіндегі жаңартылған бағдарламаны енгізу жұмыстары аясында белсене әрекет етіп жатыр. Сол шара шеңберінде мектеп музейі ашылып, 150 жылдыққа орай арнайы кітап пен «Қоңырау» атты газет жарық көрген. Мектептің 100 жылдық мерейтойы 1967 жылы аталып өткен екен. Ол уақытта білім ұясында 1 019 бала тәлім алып, 50 мұғалім сабақ берген. 1990 жылы мектеп жаңа типтік ғимаратқа көшірілді. Айгүл Сатанқызы ұжымды 2014 жылдан бері басқарып келеді. Мектептегі жоғары дәрежелі мұғалімдердің саны жалпы ұстаздардың 40 пайызын құрайды. Білім бағдарламасы қазақ және орыс тілінде атқарылады.
Абай АЙМАҒАМБЕТ