Павлодарда қайын жұртымен кездескен жігіт жансақтау бөліміне түсті

Primary tabs

Мау 03, 2021 / 0 комментарии

Павлодарда түнгі клубқа барған 24 жастағы жігіт жансақтау бөлімінен бір-ақ шықты. Алты күннен бері ауыр жағдайда жансақтау бөлімінде жатқан жігіттің туыстары қылмыс жасағандарды жазалауды талап етіп отыр деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Жансақтау бөліміне түскен Әлішердің қарындасы Рената Жұмаділова өзінің Instagram парақшасында жігіттің анасының жанайқайын жария етті. "Баламның жансақтау бөлімінде жатқанына алты күн болды. Жағдайы өте ауыр. Дене жарақаттарынан бөлек бас сүйегі екі жерден сынған, миға зақым келді. Қабырғасы сынды, өкпесі зақымданған. Жамбасы екі жерден сынды. Қазір ұлым өз өмірі үшін күресіп жатыр. Әйелі және екі жасар баласы бар. Бәріміз оның жазылғанын тілеп жатырмыз", - дейді Әлішердің анасы.

Әлішердің анасы оқиғаның қалай болғанын да баяндап берген. Айтуынша, мамырдың 28-іне қараған түні ұлын қайын жұрты түнгі клубқа шақырған. Әйелінің немере ағасы баласының дүниеге келгенін тойлап, дастарқан жайған.

"Ұлымды ең соңында шақырды. Ол кезде барлығы қатты мас болды. Балам лаундж барға түнгі сағат 1:07-де барды. Отырыста төрт жігіт және менің балам болды. 3:47-де біреуіне қоңырау шалып сұрағанда "оны ауруханаға алып кетті" деді. Ал полиция мен жедел жәрдем келгенде есікті бірден ашпапты. Олар 15 минуттай күтіп тұрған. Шамасы, қатты қорқып, өздері есін жиғызамыз деп ойлаған. Су шашты, ары-бері аударды. Бірақ ұлым алған жарақаттармен олай істеуге болмайды ғой", - деп жазды анасы.

Оның сөзіне қарағанда, түнгі клуб таңғы сағат төртке дейін жұмыс істеген. Бейнебақылау камералары жоқ. Павлодар облыстық полиция департаменті қылмыстық кодекстің 106-бабы, 1-тармағы бойынша сотқа дейінгі тергеудің басталғанын хабарлады.

"Бұл оқиға Павлодар қалалық полициясының оңтүстік бөлімшесінде тіркелді. Отырысқа қатысқан барлық адам анықталды. Сот-медициналық сараптама тағайындалды", - дейді полицейлер.