Қызыл жалынға бет алған жасөспірімдер
Primary tabs
Бейбіт күннің батырлары! Бұл танымал теңеуді біз енді ауданымыздың Қырғауылды ауылында тұратын ержүрек жасөспірімдерге арнап айта аламыз.
28 мамыр күні түс ауа аудандық өрт сөндіру бөліміне Райымбек округіне қарасты Қырғауылды ауылында өрт шыққаны жайлы дабылды қоңырау келіп түскен. Ал, төтеншеліктер оқиға орнына жеткенде мектеп жасындағы үш жасөспірімнің қауырт жағдайға немқұрайды қарамай, барынша жәрдемдесіп жатқандығын байқаған. Олар - Есімхан Темірлан, Шыныбаев Алмат, Айдынұлы Данияр есімді батырлар.
Бізбен тілдескенде балалар өздерінің оқыс оқиғаны көре сала, ештеңеден қорықпай, үйде болған кішкентайлар мен әжесіне көмектесуге ұмтылғандарын айтады.
Ия, ойыннан пайда болған от жалынын балалар байқап қалмағанда, ақыры қалай болары беймәлім. Дегенмен, нағыз азаматтық әрекетке барған оқушылар өз өмірлеріне қауіп төнгенін ойламастан, кинодан, әлеуметтік желіден, төтенше жағдайлар қызметкерлерінің мектептеріне келіп өткізген сұхбаттарынан естерінде қалғанын қайталап, үйдегі егде жастағы қария мен балаларды қорғау үшін жанталасқандары жан сүйсінтеді. Ал, оларға деген алғысын арнайы қызмет басшылығы марапат арқылы білдірмек. Бұл жайлы ТЖБ аға инженері Айгерім Қаныбекқызы мәлімдеді.
Бүгінде өздерінің игі іс жасағанын барынша ұғынып, көңілдері жайланған жасөспірімдер аудандық өрт сөндіру бөліміне келіп, жауапты мамандық иелерімен сұхбаттасты. Бөлімше командирі, азаматтық қорғау старшинасы Асхат Жолдыбаев балаларға өрт сөндіру техникасының қыр-сырын ақтарып, киімдерінің артықшылығымен таныстырды. Барлығын қызыға тамашалап, тыңдаған оқушылардың қойған сұрақтары да таусылмады.
Әрине, өрт – тілсіз жау. Оны алдын алудың ең алғашқы жолы – сақтық шараларын қатаң сақтау. Бұл ретте мамандар тұрғындарды қауіпсіздік шараларына көп көңіл бөлуді кезекті рет ескертеді.
Авторы: Клара Көпбаева