Өгей әке қыздарын қорлаған ба?
Главные вкладки
Бүгін біз әрбір ата-ананы алаңдатпай қоймайтын педофилизм тақырыбын қозғамақпыз. Жаңа заңға сәйкес, айуандық әрекетке барған нәпсіқұмарларды қандай жаза күтіп тұр? Ал, біздің Қарасай ауданында педофилдер бар ма? Статистика не дейді?
Естеріңізде болар, өткен жылы Тараздағы мектептердің біріндегі дәретханада оқушы қыздың зорлануы қоғамда үлкен резонанс тудырған еді.
Кейіннен күдікті ұсталып, 25 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ, оған сот химиялық кастрация жасауға үкім етті. Бұған қоса сот айыпталушыны жәбірленуші жаққа моральдық шығын ретінде 5 миллион теңге төлеуге міндеттеді.
Осы оқиғадан соң бірқатар жауапты қызметкерлер қатаң жазаланды. Ал Тараз қаласының әкімі жұмыстан қуылып, облыс әкімі ескерту алған болатын.
Енді статистикалық мәліметтерге зер салып көрсек. Өткен жылдың өзінде елімізде зорлау фактісі бойынша 1047 қылмыстық іс тіркелген. Тергеу нәтижесінде 576 педофилдің қылмысы дәлелденіп, түрмеге тоғытылған. Бұл тек тіркелген дерек. Жасырып, жабулы қалғаны қаншама...
Биылдан бастап бұл қылмысқа барғандар бар өмірін түрмеде өткізеді. Қылмыскер мен зардап шегушінің өзара келісіп, ымыраласуына жол берілмейді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтің пәрменімен жаңа заңға қол қойылды.
Педофилдің қақпанына түскендердің 15 пайызы бала. Бұдан былай қорғансыздардың өмірін қор қылған қылмыскерлер бар өмірін темір тордың ар жағында өткізеді. Осыған дейін кінәлілер небәрі 7-12 жылға сотталатын болса, енді 14 жасқа дейінгі балаларды зорлағандар 20 жыл немесе өмір бойына бас бостандығынан айырылады. Айтпақшы, жаңа Кодекс бойынша, қылмысты бұрмалаған немесе біле тұра хабарламаған куәгерлер де жазасыз қалмайды.
Ал осыдан 2 жыл бұрын қабылданған химиялық кастрациялауға қатысты заң өз күшін жойған жоқ. Бұл тәсілдің кімдерге жасалатынын қылмыс деңгейіне, сараптама қортындысына сай сот тағайындайды. Өткен жылы 88 адамға химиялық кастрация жасалып, биыл 71 педофилге қолданылу жоспарланып отыр. Қарапайым халық балаларды қорлаған азғындарға ең ауыр жаза қолдану керек деп есептейді.
Енді өзіміздің Қарасай ауданындағы ахуалға тоқталайық. Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі берген мәлімет бойынша былтырғы жылдың өзінде ауданда кәмелеттік жасқа толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы әрекет бойынша 8 қылмыстық іс қозғалып, 7 материал сотқа жолданған.
Бір қызығы, бұл жағдайдан аудандық білім бөлімі бейхабар. Себебі, біздің «Қарасай ауданында қанша факт тікелді?» деген сауалымызға, олар өткен жылы бірде бір педофилизм фактісі тіркелмеген деп жауап берді.
Полиция тіркелді десе, білім бөлімі бізде педофилизм жоқ дейді. Сонда кімге сенгеніміз дұрыс? Әлде білім саласындағылар «жабулы қазанды» ашқылары келмей отыр ма? Иә, бізде жақсы статистика көрсету үшін көп нәрсе айтылмай қалатыны рас. Айыбымыз айғақсыз болмас үшін, сәл кейінірек нақты дерек келтіретін боламыз. Ал дәл қазір мынаны айтқымыз келеді: бұл сұмдық оқиғаның шеті шыға сала, Қарасай аудандық білім бөлімінің басшысы Жарқын Нұрғалымов басқа қызметке ауысып кетті. Бәлкім бұл жай ғана сәйкестік шығар? Сіз қалай ойлайсыз?
Өткен жылдың соңында ауданда орын алған педофилизм фактісінің бірі «жылы жабылып», оны бәзбіреулер көпшіліктен жасырып қалғысы келді. Неге? Енді нақтырақ тоқталасақ.
Қарасай ауданына қарасты Алмалыбақ ауылында бес жетім қызды қамқоршылыққа алған отбасында жаға ұстатар жайт орын алды. Өгей әкесі 5 бірдей қызына жәбір көрсетіп, зорламақ болды деген қауесет желдей тарады. Аталған жайт біздің де назарға ілікті. Дереу Алматы облыстық полиция департаментінен осыған қатысты жауап алуға кірістік. Өкінішке орай, құқық қорғаушылар аталған факті орын алғанын растады. Яғни, аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121–ші бабының 4–ші тармағына сәйкес, Көрінеу жас балаға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттер жасау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жалғасып жатқандығын жеткізді.
1961 жылы туған азамат осы қылмысқа қатысы бар деп танылып, қамауға алынды. Айта кетейік, бұл қыздар «Балалар үйінсіз Жетісу» бағдарламасы аясында аталған отбасына тәрбиеленуге берілген. Қыздар екі жылдан астам осы шаңырақта тұрып келген. Қамқоршылық ресми түрде аналарына рәсімделген. Ал айуандыққа барды деген күдікті аналарымен ресми некеде жоқ болып шықты.
Бес бірдей қыздың тағдырына балта шабылған бұл оқиғада ағаттық кімнен кетті? Балаларды бөтен отбасыға беріп қойып, тиісті тексеру жүргізбеген қамқоршылық бөлімі кінәлі ме, әлде қыздардың мінез-құлқы мен тәрбиесіне мән бермеген мектеп әкімшілігі мен психолог па? Ал мектепке бекітілген ювеналды полиция инспекторы ай қарап жүр ме? Сұрақ көп, жауап жоқ.
Белгілі заңгер Камшат Есмұхамбетқызы бұл оқиғаның орын алуына қорғаншылық және қамқоршылық органдарының өз жұмысына салғырт қарауы себеп дейді. Сондай-ақ, басты жауапкершілік қыздардың анасына жүктелгендіктен, олардың өміріне, денсаулығы мен қауіпсіздігіне анасы тікелей жауапты екенін алға тартты.
Бұл ретте қорғаншылық және қамқоршылық бөлімінің маманы да қойылған талаптарға сәйкес баланы асырап алушыға жүктелер міндет ауыр екендігін айтты.
Ал танымал блогер Қуаныш Шаханов «Ауруын жасырған өледі» демекші, мұндай фактілерді жасырудың арты жақсылыққа әкелмейтінін айтады. Сондықтан да бұл проблемамен қоғам болып күресу қажет деп санайды.
Әзірге, қыздарды қамқоршылыққа алған аналарына қатысты қандай шара қолданылғаны бізге белгісіз. Қыздар ол отбасыдан оқшауланып, қазір бейімдеу орталықтарының біріне орналастырылған.
Бұл оқиғадағы ең қызығы, өгей қыздарына жәбір көрсеткен «әке сымақ» белгісіз жағдайда өз-өзіне қол жұмсаған. Тікелей күдікті енді жоқ, бұл қылмыстық іс сотқа жетпей қысқаруы мүмкін.
Ал, артында не қорғаны, не тірегі жоқ жәутеңдеген жетім қыздардың алдағы тағдыры енді не болмақ?
«Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» деген қанатты сөз бар халқымызда. Сол себепті, сөз соңында біз де бәзбіреулер өзінің қара басының қамын күйттеп, жәбір көрген жасөспірімдердің құқығы аяққа тапталмайды деп сенеміз. Кінәлілер тиісті жазасын алып, бұл оқиға басқаларға сабақ болады деген үміттеміз.
Ал, құқық қорғаушылардан ресми мәлімдеме күтеміз. Тараздағы оқиғадан соң қала әкімі орнынан кеткенін жоғарыда айттық. Осыған жауапты біздің қарасайлық шенділер қайтер екен? Бұл жаға ұстатар жайт соңғы нүктесі қойылғанша Kaskelenkz-тің назарында болады.
Нұргүл Әлменбетова
Толық сюжетті сілтеме арқылы көре аласыз: